29.06.2022, 18:36 33676

Тоқаев Орал мен Каспийдің экожүйесін құтқару шараларын қабылдауды ұсынды

Тоқаев Орал мен Каспийдің экожүйесін құтқару шараларын қабылдауды ұсынды
Сурет: бейнеден кадр
АШХАБАД. 29 МАУСЫМ - Каспий теңізінің экожүйесін сақтау ықпалдастықтың басты бағыттарының бірі, деп мәлімдеді Ашхабадтағы саммитте Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 

Каспий жағалауының экономикалық дамуы және миллиондаған тұрғындардың әл-ауқаты трансшекаралық суқоймасының табиғи ортасын сақтау міндетімен тығыз байланысты. Жер қойнауын белсенді пайдалану және ресурстарды тасымалдау аймақ экологиясына қатер төндіруде. Бұдан бөлек жаһандық жылыну және осыған байланысты климаттың өзгеруі су ресурстарына қауіп төндіріп отыр", – деді Президент. 

 
Оның пікірінше, барлық Каспий маңы мемлекеттері Жайық (Урал) өзенін құтқару бойынша келісілген және пәрменді шаралар қабылдауға міндетті.
 

Біз өзара күш біріктіре отырып, Жайық өзенінің жағдайын жақсарту бойынша ортақ іс-қимыл жоспарын әзірлеуге шақырамыз", - деп атап өтті Тоқаев.

 
Одан бөлек Президент ортақ теңіздің экологиялық мәселелері жөнінде айта келе, Каспий итбалықтарының мүшкіл халі туралы да айтты.
 

Итбалықтардың қайта-қайта қырылуы үлкен қауіп төндіреді. Каспий итбалығы – жергілікті фаунадағы сүтқоректілердің жалғыз өкілі. Ол бүкіл теңіз аумағын мекен ететін трансшекаралық биоресурс саналады", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 
Мемлекет басшысы саммитке қатысушылардың назарын Каспий теңізіндегі биологиялық ресурстарды заңсыз аулауға қарсы күресудің маңызды екеніне аударды. Бұл ретте, Президент биоресурстарды заңсыз аулау, балық өнімдерін тасымалдау, бекіре тұқымдастарды заңсыз сатып алу немесе сату фактілерін атап өтті.
 

Каспий қойнауын және оның маңындағы аудандарды игеру кезінде техногенді апаттар мен табиғи катаклизмдердің үлкен қаупі барын ескерген жөн. Сондықтан апат салдарының алдын алудың және оларды жоюдың аймақтық механизмін, төтенше жағдай кезінде өзара көмек көрсету жүйесін дамыту маңызды", – деді Президент.

 
Ол Каспийдің теңіз ортасын қорғау мәселелері бойынша негізгі ережелер 2003 жылғы Тегеран конвенциясында бекітілгенін еске салды.
 

Оған қол қойылған күннен бастап 20 жылға жуық уақыт өтті, алайда, өкінішке орай, хатшылықты құру мәселесі әлі шешілген жоқ. Оның функцияларын әлі күнге дейін Женевадағы БҰҰ Қоршаған орта жөніндегі бағдарламасының Еуропалық кеңсесі жүзеге асыруда", - деді Тоқаев.

 
Қазақстан басшысының пікірінше, хатшылық толыққанды халықаралық ұйым ретінде жағалаудағы елдердің бірінде орналасуы тиіс.
 
Сондай-ақ, Тоқаевтың айтуынша, "Каспий бестігі" аналитикалық құрылымдарының консорциумын құру пайдалы, оның үстіне мұндай өзара іс-қимыл екі жақты деңгейде табысты жүргізілуде.
 
Бұған дейін хабарланғандай, ҚР Экология министрлігі мұнай өндіруші компаниялардың Каспий экологиясына тигізетін әсеріне қатысты ауқымды тексеру жүргізбекші.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны