14.07.2022, 16:40 44196

Тоқаев "ҚазАвтоЖол" мен "Казахавтодорды" біріктіруді тапсырды

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы комиссия құруды және жол құрылысы кезінде кем дегенде 10 жыл ішінде жол берілген барлық бұзушылықтарды мұқият тексеруді тапсырды.
Тоқаев "ҚазАвтоЖол" мен "Казахавтодорды" біріктіруді тапсырды
НҰР-СҰЛТАН. 14 ШІЛДЕ - ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "ҚазАвтоЖол" мен "Казахавтодор" екі операторын бір компанияға біріктіруді тапсырды, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 

Қазір еліміздегі жолдың жай-күйін қадағалап, қызмет көрсететін екі негізгі оператор бар. Турасын айтсақ, екеуі де бір жұмысты атқарып отыр, жұмысшыларының саны да қажетті шамадан артық. Соған қарамастан, азаматтардан келіп жатқан орынды арыз-шағымдар азаяр емес, ал жолдың сапасы мүлде сын көтермейді. Үкіметке "ҚазАвтоЖол" және "Казахавтодорды" біріктіріп, Қазақстанның біртұтас автожол компаниясын құруды тапсырамын", - деді Мемлекет басшысы бүгін Үкіметтің кеңейтілген отырысында.

 
Ол аталған саланы кешенді түрде жаңғыртуды тапсырды. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы комиссия құруды және жол құрылысы кезінде кем дегенде 10 жыл ішінде жол берілген барлық бұзушылықтарды мұқият тексеруді тапсырды.
 

Еліміздің жолдары нашар екені және жол құрылысы саласын жемқорлық жайлағаны ешкімге жасырын емес. Тіпті, басқа жерді айтпағанның өзінде Ақордаға апаратын жолдың өзі жамау-жамау, құрақ көрпеге ұқсайтын болды. Жалпы, бұл салада қордаланған мәселе көп. Тендерді жыл сайын бірді-екілі компания ғана ұтып алады. Мұндай жағдайдың қайталанып келе жатқанына ондаған жыл болды. Осының бәрін ретке келтіру үшін шұғыл шаралар қабылдау керек", - деп атап өтті Мемлекет басшысы.

 
Тоқаев Қазақстанда жол құрылысына қажетті материалдың бәрі бар екенін айтты. Бірақ, отандық өндірістің әлеуеті толық қолданылмайды. Мұны, тіпті, қолдан жасалған тапшылық деуге болады. Мысалы, елімізде битум өндіретін үш зауыт бар. Соған қарамастан, 200 мың тонна битум жетіспейді. Құрылыс қарқынды жүрген кезде оның бағасы үш есе (яғни, бір тоннасы 90 мыңнан 250 мың теңгеге дейін) қымбаттайды. Президент Үкіметке жол құрылысына қажетті ресурстарды өндіру және тұтыну барысын мұқият саралауды тапсырды.
 

Соның негізінде құрылыс материалдарын шығаратын жаңа кәсіпорындар ашу қажет. Ал, жұмыс істеп тұрған нысандарды жаңғырту керек", - деді ол.

 
Сондай-ақ, Президент жол құрылысы саласында мемлекеттік сатып алулардың жүргізілетінін атап өтті. 2019 жылдан бері автожол саласында құны 1,5 триллион теңге болатын мемлекеттік келісім-шарттар жасалды. Соның 40 пайызын шетелдіктердің қатысы бар компаниялар ұтып алған. Бірақ, отандық компанияларымыз белсене қатыспайды. 
 

Кейбір ірі компаниялардың еңбек және материалдық ресурстары жеткіліксіз. Соған қарамастан, олар тендерді ұтып алып, жұмысты мердігерге ысыра салады. Осындай ахуал жылда қайталанады. Тіпті, жұмыстың 100 пайызы басқа мердігерге тапсырылғаны жөнінде мәліметтер бар. Мысалы, Қарағанды–Балқаш автожолын (363 шақырым) жөндеу жұмыстары 2019 жылдан бері жалғасып келеді. Бұл жобаның жалпы құны – 248 миллиард теңге. Бас мердігері осы жұмысты басқа компанияға тапсырды. Ал, бұл компания барлық жұмысты қосалқы мердігерге ысыра салған", - деді Тоқаев.

 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны