17.08.2022, 14:50 9491

Қазақстан Президенті Сингапурға барады

Сингапурға алдағы ресми сапарын ұйымдастыру мәселелері Мұхтар Тілеубердінің Халима Якубпен кездесуінде талқыланды.
СИНГАПУР. 17 ТАМЫЗ - Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Сингапурға ресми сапармен барады, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Мемлекет басшысының Сингапурға алдағы ресми сапарын ұйымдастыру мәселелері Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердінің Сингапур Республикасының Президенті Халима Якубпен Истана ресми резиденциясында кездесуінде талқыланды.
 
Тараптар елдеріміз арасындағы қатынастарды одан әрі нығайту және экономикалық байланыстарды кеңейту мәселелерін талқылады. М.Тілеуберді Сингапур басшысына Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ізгі тілектері мен сәлемін жеткізді.
 

Министр сұхбаттасын Конституцияға толықтырулар мен түзетулер енгізу бойынша елде өткізілген жалпыхалықтық референдумның нәтижелері, сондай-ақ Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың "Жаңа Қазақстанды" құру бойынша саяси және экономикалық реформалары туралы егжей-тегжейлі таныстырды", - деп хабарлады ҚР СІМ баспасөз қызметі.

 
Х. Якуб ҚР Президентіне жылы лебізін білдіріп, Қазақстан мен Сингапур арасындағы сенімді диалог пен өзара қолдауға негізделген саяси диалог пен өзара тиімді серіктестіктің жоғары деңгейін атап өтті.
 
Сингапур Президенті Азиядағы бейбітшілікті, қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге және жаһандық дінаралық диалогты ілгерілетуге ұмтылудағы, Нұр-Сұлтан қаласында өтетін Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске қатысушы елдердің алдағы саммиті және Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі шеңберіндегі Қазақстанның қызметін жоғары бағалады.
 
Сол күні СІМ басшысы М.Тілеуберді Сингапур Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрі, Халықтық іс-қимыл партиясының төртінші буын (4G) командасының саяси көшбасшысы Лоуренс Вонгпен келіссөздер жүргізді. 
 
Қазақстанның Сингапурмен ынтымақтастығының маңызды элементі көліктік, сауда-экономикалық және инвестициялық өзара іс-қимыл болып табылады. Осыған байланысты тараптар экономикалық кооперация жобаларын және өзара тиімді ынтымақтастық бағдарламаларын ілгерілету мәселелерін егжей-тегжейлі талқылады. Қазақстанның транзиттік әлеуетін кеңейтуге және өңдеу өнеркәсібі, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, құрылыс және қаржы салаларындағы Қазақстан-Сингапур кәсіпорындарының жобаларын дамытуға ерекше назар аударылды. 
 
Сингапур тарапы "Астана" Халықаралық қаржы орталығының қызметі және Орталықтың негізгі бағыттарын дамыту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы хабардар етілді. Қазақстандық қаржы орталығы үшін капитал нарығын дамытудың сингапурлық тәжірибесін зерделеу өте маңызды екені атап өтілді.
 
Сонымен қатар, қазақстандық делегация екі күндік сапар аясында Сингапурдың ірі компанияларының басшыларымен бірқатар жемісті кездесулер өткізді. Делегация құрамында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев, "Астана" Халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетов, "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ Басқарма төрағасы Нұрлан Сауранбаев және "Kazakh Invest" ҰК" АҚ Төрағасы Мейіржан Юсупов болды. 
 
Келіссөздер барысында елдеріміз арасындағы экономикалық ынтымақтастықты ілгерілетуге, сондай-ақ әлеуетті жобаларды іске асыруға қатысты кең ауқымды мәселелер талқыланды. Сингапурлық компаниялар қазақстандық нарыққа және Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктеріне үлкен қызығушылық танытты.
 
Қала мен қалалық инфрақұрылымды кешенді дамытуға маманданған "Surbana Jurong" мемлекеттік инжинирингтік компаниясының басшылығымен Алматы қаласының солтүстік шекарасында серіктес қалаларды салу және дамыту жөніндегі "G4 City" бірегей инфрақұрылымдық жобасы талқыланды. Оны іске асыру бойынша сингапурлық компания отандық "Caspian Group"-пен тығыз ынтымақтастық орнатқан.
 
Бүгін "Surbana Jurong" 30-дан астам елде амбициялы жобалардың мастер-жоспарларын әзірледі және бүкіл әлем бойынша 100-ден астам өнеркәсіптік парктер құрды. "G4 City" жобасы Сингапурдан ғана емес, өңірдің басқа мемлекеттерінен де ауқымды инвестициялар мен инновациялық технологиялық шешімдерді тартуға арналған. 
 
Жаһандық жеткізілімдер мен өніммен қамтамасыз етудегі тұрақты іркілістерді қоса алғанда, пандемияның әлемдік экономикаға зардаптары тараптардың жаңа экономикалық мүмкіндіктерді, өткізу нарықтарын және экспорттық бағыттарды іздеуін ескере отырып, Қазақстан мен Сингапур арасындағы экономикалық ынтымақтастық үшін жаңа перспективалар ашқанын атап өткен жөн.
 
Осы тұрғыда "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ көлік тасымалдары саласындағы ірі жаһандық операторлардың бірі болып "PSA" (Port of Singapore Authority) компаниясымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
 
Қазақстандағы көлік-логистикалық тораптарды басқаруға "PSA International"-ды тарту құрлықтың екі жағы бойынша теңіз порттарының тұтас желісіне қолжетімділікті кеңейтуге, мультимодальдық тасымалдауды пайдалана отырып, жаһандық көлік-логистикалық тізбекке интеграциялауға және құрғақ порттарды басқару саласындағы инновациялық технологиялар мен үздік әлемдік практикаларды енгізуге ықпал етуге, ең бастысы ҚР өнімінің экспортын әлемдік нарыққа шығаруға айтарлықтай жеңілдетуге бағытталған.
 
Цифрландыру, ақылды қалалар құру, түрлі мемлекеттік процестерге инновациялар енгізу, сондай-ақ Үкіметтің цифрлық трансформациясы мәселелері Премьер-Министрдің офисі жанындағы Сингапурдың "Government Technology Agency of Singapore" технологиялық агенттігінің және "Crimson Logic" компаниясының басшылығымен кездесулер барысында талқыланған негізгі тақырыптар болды.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны