14.09.2022, 15:30 11131

Қайшылықтарды қорқытумен немесе санкциялармен реттеу мүмкін емес - Тоқаев

Қайшылықтарды қорқытумен немесе санкциялармен реттеу мүмкін емес - Тоқаев
НҰР-СҰЛТАН. 14 ҚЫРКҮЙЕК - Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезінде сөйлеген сөзінде ірі державалар арасында геосаяси қайшылықтар күшейіп, әлемнің түкпір-түкпірінде шиеленістер үдей түскенін атап өтті, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 

Қырғи-қабақ және өзара сенімсіздік жағдайы халықаралық қатынасқа қайта оралып жатыр. Заманауи сын-қатерлерге нені қарсы қоюға болады? Тарих бұған бір ғана жауап береді. Ол ізгі ниет, диалог және ортақ күш-жігер. Табысқа жетудің басқа кепілі жоқ. Қазақстан кез келген даулы мәселені БҰҰ Жарғысына сәйкес тек қана келіссөз үстелі арқылы шешуді үнемі айтып келеді. Туындаған қайшылықтарды күшпен, қорқытумен немесе санкциялармен реттеу мүмкін емес екеніне сенімдіміз. Мұндай сәттерде гуманистік идеалдарға жүгіну аса маңызды. Олардың басты қайнар көзі дәстүрлі діндер екені даусыз", – деді Мемлекет басшысы.

 
Президент жаңа жүйенің қауіпсіздігі адам өмірінің абсолютті құндылығы, бір-бірінің мүдделерін құрметтеу, өзара көмек, ашықтық, теңдік және әділдік сияқты қағидаттардан құрылады деп санайды. Бұл мәселеде адамгершілік бедел мен рухани көшбасшылардың сөзі өте маңызды.
 
Қасым-Жомарт Тоқаев Съезд қатысушыларына арнаған сөзінде Қазақстан дамудың конструктивті мәселесін өңірлік және жаһандық деңгейде жан-жақты ілгерілетуге елеулі үлес қосатынын айтты. Ал еліміздің ішкі мәселесінде бірлік, ынтымақ және тиімді диалог негізгі басымдық саналады. Бүгінде еліміз ауқымды реформалар бағдарламасын жүзеге асырып, Әділетті Қазақстанды құруға кірісті.
 

Біздің жаңа экономикалық саясатымыз жалпыұлттық табысты әділ бөлуге және барлық азаматтың әл-ауқатын теңдей арттыруға бағытталған. Біз халықаралық сауда мен инвестициялық серіктестікті тереңдетуді қолдаймыз. Энергетика және өндіруші салаларда экологиялық талаптарды дәйекті түрде күшейтіп, балама қуат көздерін пайдалану ісін кеңейтіп келеміз", – деді Президент.

 
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев жаһандық үдерістегі дін мен рухани көшбасшылардың рөлін қайта зерделеуге бағытталған бірқатар тезисті талқылауға ұсынды.
 

Біз мәдениетке, экономика мен қоғамға қатысты теориялық тұжырымдар мен практикалық әдістерді түбегейлі жаңғыртуымыз керек. Өркениеттің шынайы болмысы мен мәнін сақтау үшін қоғамның барлық саласына ауқымды реформалар қажет", – деді Мемлекет басшысы.

 
Қазақстан Президентінің пікірінше, рухани көшбасшылардың күш-жігерін жұмылдыруы және диалогы бүкіл адамзатқа қазіргі теке-тірестерден шығу жолын көрсетеді.
 

Осындай ауқымды диалог тәжірибесі рухани көшбасшыларға түрлі бітімгерлік бастамаларды белсенді көтеруге құқық береді. Бұл әлемнің түкпір-түкпірінде болып жатқан "қақтығыс ошақтарындағы" әскери қимылдар мен адамдардың зардап шегуін тоқтату үшін аса маңызды. Діндер басшылары – адамзаттың ар-ожданын сақтаушылар. Сондықтан өзара сенімге, қайырымдылық пен бейбітшілікке бастайтын жолды сіздер ғана нұсқайсыздар. Қазір адамзат бұрын-соңды болмаған жасампаз іс-әрекетке мұқтаж. Халықаралық қауіпсіздіктің жаңа жүйесін қалыптастыру үшін бәрімізге бейбітшілік жолындағы жаңа жаһандық іс-әрекет керек. Бұл мәселеде рухани көшбасшылардың рөлі аса зор деп санаймын", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

 
Мемлекет басшысы гуманизм идеалдары мен берік рухани құндылықтарды ілгерілетуге шақырды. Оның айтуынша, жаңа технологиялар адам өмірінің барлық саласын түбегейлі өзгертіп жатыр. Пандемия бұл үдерісті жылдамдатып, күшейте түсті. Цифрлық коммуникациялар, интернет пен әлеуметтік желілер бүкіл жер шарындағы адамдар арасындағы шекараны бұзып, маңызды рөл атқарады.
 

Біз цифрлық технологиялардың әсерімен қоғамның бөлшектеніп, көзқарастар қайшылығы күшейе бастағанын байқап отырмыз. Виртуалды әлем көптеген адам үшін шынайы әлемнің орнын алмастыра бастады. Сондықтан жаңа цифрлық заманда рухани құндылықтар мен адамгершілік қасиеттер туралы мәселені қайта күн тәртібіне қою керек. Жас ұрпаққа жүйесіз берілетін ілім мен білім адамзатты жалпы даму мен жақсылыққа апармайды. Дін барлық кезеңде өзінің негізгі тәрбие беру қызметін атқарды. Құран, Інжіл, Таурат және басқа да қасиетті кітаптар гуманизм, жанашырлық және мейірімділік идеяларына толы. Олар агрессияны жақтамайды, радикализмді қабылдамайды, зорлық-зомбылықты айыптайды, толеранттылық пен ұстамдылыққа шақырады. Қазіргі заманда діндер көшбасшыларының жоғары миссиясы – адамдарға осы маңызды ақиқатты жеткізу", – деді Қазақстан Президенті.

 
Естеріңізге сала кетейік, Нұр-Сұлтанда әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезі өтуде.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны