28.09.2022, 15:13 16746

Президент шалғай ауылдарды спутниктік интернетпен қамтамасыз етуді тапсырды

Президент 2025 жылға қарай, кем дегенде, 100 мың жоғары білікті IT маман даярлау қажет екенін айтты.
АСТАНА. 28 ҚЫРКҮЙЕК - Digital Bridge 2022 халықаралық технологиялық форумында сөйлеген сөзінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің шалғай ауылдарын интернетпен қамтамасыз етуді тапсырды, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Халқының 40 пайызға жуығы ауылдық жерде тұратын біздің еліміз үшін барлық азаматты қолжетімді және сапалы интернетпен қамтамасыз ету – өзекті мәселе. 
 

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі шалғайдағы ауылдарды SpaceX және OneWeb төмен орбиталы спутник жүйесінің желісімен қамту жұмысын күшейтуі керек", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 
Ол заманауи және дамыған инфрақұрылымсыз, оның ішінде ауылдық жерлерде, цифрландыру мүмкін емес екенін атап өтті.
 

Қазақстан IT инфрақұрылымын кең көлемде жаңғырту ісін жалғастырады. Трафик шоғырланатын әлемдік орталықтарға қосылу үшін транскаспий учаскесінде әзербайжандық әріптестермен бірлескен жұмыстар басталған. Бұл жерде сөз Оңтүстік Шығыс Азия мен Еуропа туралы болып отыр", - деді Тоқаев.

 
Мемлекет басшысы өз сөзінде цифрлық трансформация әлемдік экономика дамуының негізгі факторы болып табылатынын да атап өтті.
 

Сарапшылардың бағалауынша, цифрлық технологияларды енгізудің әсері 2025 жылға қарай $40 трлн-ға жетеді. Сондықтан біз экономикамыз бен өнеркәсіпті цифрлық технологиялар мен Индустрия 4.0 рельстеріне қайта бағдарлай отырып, оны қайта құруды көздеп отырмыз", - деді Тоқаев.

 
Мемлекет басшысы екі жыл бұрын әлемнің IT нарығына 30 миллион маман керек болғанын айтты. Бүгінде қажеттілік 100 миллионға жетті, 2025 жылға қарай 200 миллионға дейін артады. Сондықтан Президент 2025 жылға қарай, кем дегенде, 100 мың жоғары білікті IT маман даярлау қажет екенін айтты.
 

Жуырда Нью-Йоркке жасаған жұмыс сапарым барысында Digital Nomads IT қоғамдастығындағы жас отандастарымызбен кездестім. Олар АҚШ пен Еуропадағы ірі компанияларда жұмыс істейді және жаһандық деңгейде бәсекеге қабілетті. Бүгінде Қазақстанда халықаралық деңгейдегі өнім шығаруға қабілетті дарындылар аз емес", – деді Мемлекет басшысы.

 
Президент Үкіметке оларды қай жерде жұмыс істесе де қолдау көрсетуді және елімізді цифрландыруға барынша араластыруды тапсырды.
 

Ақпараттық өркениеттің дамуы нәтижесінде цифрлық көшпенділер сияқты құбылыс пайда болды. Қазіргі диджитал-номадтар жаһандық кибер- және физикалық кеңістікті белсенді игеріп, жаңа өнімдер мен нарықтарды құрып жатыр. Бүгінгі форумдағы нәтижелі пікір алмасу аймақтың цифрлы болашағының бағдарын айқындауға, Еуразия кеңістігінде жаңа серпінді бастамаларды жүзеге асырудың негізін қалауға мүмкіндік беретініне сенімдімін", – деді Мемлекет басшысы.

 
Тоқаев мемлекеттік басқаруды цифрландырудың жаңа форматы - "Көрінбейтін Үкіметке" көшуді жариялады.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны