30.11.2022, 08:47 19716

Қазақстан Президенті Франция Сенатының төрағасымен кездесті

Тоқаев елдер арасындағы парламентаралық байланысты нығайтудың маңыздылығын атап өтті
Қазақстан Президенті Франция Сенатының төрағасымен кездесті
Сурет: akorda.kz
Париж. 30 қараша. KAZAKHSTAN TODAY - Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Францияға жасаған ресми сапары аясында Франция Республикасының Сенатына барып, Франция Сенатының төрағасы Жерар Ларшемен кездесті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
 
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевты Сенат ғимаратының ауласында Жерар Ларше өзі қарсы алды. Содан кейін Мемлекет басшысы мен Сенат спикері сап түзеп тұрған Құрмет қарауылының алдымен жүріп өтті.
 
Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Парижге жасаған ресми сапары аясында қол жеткізілген уағдаластықтар екі ел арасындағы көпжақты ынтымақтастыққа тың серпін беретініне сенім білдірді.
 
Мемлекет басшысының айтуынша, Эмманюэль Макронмен жүргізілген келіссөз Қазақстан мен Франция арасындағы серіктестіктің стратегиялық сипатын растады. Сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға, энергетика және көлік-логистика салаларына инвестиция тарту мәселесіне ерекше назар аударылды.
 
Президент екі мемлекет арасындағы парламентаралық байланыстарды нығайтудың маңыздылығын атап өтті. Осыған байланысты Қасым-Жомарт Тоқаев Сенат спикерін Қазақстанға сапармен келуге шақырды.
 
Жерар Ларше елімізде жүргізіліп жатқан саяси және экономикалық реформаларды жоғары бағалады. Ол Қазақстан мен Франция арасындағы ынтымақтастықты дамыту үшін өзара белсенді іс-әрекет жүргізуге дайын екенін жеткізді.
 
Кездесу соңында Президент Франция Сенатының Құрметті қонақтар кітабына естелік қолтаңба қалдырды.
 
Бұған дейін хабарланғандай, Тоқаев Макронды Қазақстанға келуге шақырды.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны