15.12.2022, 11:13 23121

Қазақстан Өзбекстанмен және Түрікменстанмен ТЖ жою кезіндегі ынтымақтастық туралы уағдаласты

Сенат депутаттары үкіметаралық келісімдерді ратификациялады
Астана. 15 желтоқсан. KAZAKHSTAN TODAY - Сенат депутаттары Қазақстан мен Түрікменстан және Қазақстан мен Өзбекстан Үкіметтері арасындағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастық туралы келісімдерді ратификациялау туралы заң жобаларын мақұлдады, деп хабарлайды ҚР Парламенті Сенатының баспасөз қызметі.
 
Сенат депутаттары "Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы" және "Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Түрікменстанның Үкiметi арасындағы Азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы" заңдарды қарап, қабылдады.
 
Қабылданған заңдар елдердің құзыретті органдары арасындағы өзара іс-қимылды күшейтуге және тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.
 

Бұл келісімдер көрші елдермен бірлесіп, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алуды көздейді. Заң нормалары осы бағыттағы бірлескен шараларды іске асыру үшін құқықтық негіз қалыптастырады. Аталған заңдар осы саладағы өзара іс-қимылдарды жүзеге асыра отырып, көрші елдермен ынтымақтастықты арттыра түседі деп сенеміз", - деді Мәулен Әшімбаев.

 
Сонымен қатар отырыс кезінде сенаторлар "Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Араб Әмірліктерінің Үкіметі арасындағы инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімді ратификациялау туралы" заңды қабылдады.
 
Бұл заң шетелдік инвестицияларды тарту және екі елдің инвесторларының құқықтарын қорғау үшін қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны