30.12.2022, 09:52 24821

Екібастұзда ТЖ кезінде зақымдалған жылу желілері мен пәтерлердің жөндеу барысы тексерілді

Әкім жедел штабтың отырысын өткізді
Екібастұзда ТЖ кезінде зақымдалған жылу желілері мен пәтерлердің жөндеу барысы тексерілді
Сурет: Instagram/ekibastuz_akimdigi
Екібастұз. 30 желтоқсан. KAZAKHSTAN TODAY - Облыс әкімі Асайын Байханов жұмыс сапарымен Екібастұзға барды. Өңір басшысы ТЖ кезінде зардап шеккен жылу желілері мен пәтерлердің жөндеу жұмыстарының барысын тексеріп, жедел штаб отырысын өткізді, деп хабарлайды Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі.
 

Осы уақытқа дейін жүйені теңгерімдеу дұрыс жолға қойылмаған, бір ай бойы жылу берудің нақты параметрлеріне жете алмай отырмыз. Екібастұз ЖЭО-да тұрақты жұмыс жүргізілмейді. Біз мереке күндері адамдардың жылусыз қалуына жол бере алмаймыз. 4 көппәтерлі тұрғын үй мен 45 жеке меншік үйлердегі параметрлерді қалпына келтіру жұмыстарын тезірек аяқтау қажет. Қаладағы жылу жағдайы қалыпқа келгенше ТҮКШ басқармасының басшысына Екібастұзда қалуды тапсырамын", - деді Асайын Байханов.

 
Асайын Байханов қажетті жылу параметрлері сақталмаған Көшербаев пен Беркімбаев көшелеріндегі жылу желілерін жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіліп жатқан тұрғын үйлерді аралады. Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин жаңа желіні №7 жылу магистраліне қосу жоспарланғанын, бұл көпқабатты тұрғын үйлерге жылу беруді арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.
 

Бұл жұмыстарды қатаң бақылауға алып, "Екібастұз жылу энергиясы" АҚ жұмысын күшейту қажет. Бүгіннен қалмай жұмысшылардың жаңа тобын құрып, дәнекерлеу жұмыстарын бастасын. Алда жаңа жылдық мерекелер болғандықтан бәрін істеп үлгеру керек", - деп тапсырды Асайын Байханов.

 
Әкімдіктің мәліметінше, пәтерлерді қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатыр. 20 пәтерде жөндеу жұмыстары аяқталса, кезекте тұрған 32 пәтердегі жұмыстарды 10-12 күн ішінде аяқтау жоспарлануда.
 
Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекиннің айтуынша, жылумен жабдықтау жүйесін реттеу, зақымданулар мен ақауларды жою жұмыстары жалғасып жатыр. Жөнделуі тиіс 110-ға жуық зақымданулар бар, оларды жоюмен 86 адам айналысып жатыр.
 
Естеріңізге сала кетейік, 27 қарашада Екібастұздағы жылу желілерінде ірі апат орын алып, тұтынушылар 30 градус аязда жылусыз қалды. 130 тұрғын үй, сондай-ақ әлеуметтік нысандар: мектептер, балабақшалар мен ауруханалар жылытудан ажыратылды. Қалада төтенше жағдай жарияланды. Павлодар облысының прокуратурасы ТЖ фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны