14.03.2023, 13:29 25081

Қазақстанда жасөспірімдер арасында нашақорларды анықтау үшін скринингті енгізу ұсынылып отыр

Қазақстанда жасөспірімдер арасында нашақорларды анықтау үшін скринингті енгізу ұсынылып отыр
Сурет: Depositphotos
Денсаулық сақтау министрлігінің есебінде 18 мың нашақор бар. Сарапшылардың пікірінше, есірткіге тәуелділердің нақты саны ресми мәліметтерден бес есе көп

Астана. 13 наурыз. KAZAKHSTAN TODAY - Қазақстанда есірткіге тәуелділерді ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік беретін скрининг жүйесін енгізу жоспарлануда. Бұл туралы Үкімет отырысы барысында ішкі істер министрі Марат Ахметжанов мәлімдеді.

Қазіргі уақытта, өкінішке қарай, есірткі қолдану фактілері тіпті оқушылар қатарынан анықталып жатыр. Сондықтан болашақта скрининг өткізу жүйесін енгізуді жоспарлап отырмыз. Бұл қоғамның нашақорлық деңгейін объективті түрде бағалауға және есірткіге тәуелді адамды, әсіресе жасөспірімдер арасында ерте бастан анықтауға мүмкіндік береді", - деді ол Үкімет отырысында.


Аталған шара "Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарында" қарастырылған.

Министр Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдеріне аталмыш шараны қалай ұйымдастыруға болатынын түсіндірді. Скринингті оқуға түсерде, жұмысқа тұрар кезде, Қарулы Күштер қатарына және мемлекеттік қызметке алынар алдында тапсыратын медициналық тексеру аясында жүргізу ұсынылып отыр.

Сараптама есірткі тұтынушыларды бірінші сатыда анықтаса, ондай адамдардың 95 пайызын қалыпты өмірге оралтуға болатынын көрсетіп отыр. Үшінші сатыда анықталғандардың 15 пайызы ғана (оңалады-ред.). Есірткінің түрі көп. Тіпті мектепте де тарап жатыр, оны біз жасырып отырған жоқпыз. Бүгінде нақты есебі жоқ. Мен биоматериал скринингін өткізуді ұсынып отырмын. Негізі бұл Денсаулық сақтау министрлігінің ұсынысы. Біз оны қолдадық. Енді жоғары оқу орнына түскенде, мемлекеттік және әскери қызметке орналасқанда, жұмысқа тұрғанда скринигтен өту керек болады. Қоғам мен балаларымыздың қауіпсіздігі маңызды екенін түсінуіміз керек. Биоматериалдардан есірткі анықталса, әкімшілік жауапкершілікке тартылмайды. Ондай мәлімет олардың ата-анасына жіберіледі", - деді министр.


Ақпарат көзі: inform.kz
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны