09.09.2022, 15:31 18931

Қасым-Жомарт Тоқаев ІІ Елизавета Патшайымның қайтыс болуына байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады

Президент елді 70 жыл бойы басқарған ІІ Елизавета Патшайымның аса көрнекті көшбасшы, ұлы британ халқының бірлігі мен табандылығының символы болғанын атап өтті.
НҰР-СҰЛТАН. 9 ҚЫРКҮЙЕК - Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Королі ІІІ Карлға анасы II Елизавета Патшайымның қайтыс болуына байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Мемлекет басшысы Қазақстан халқының және жеке өзінің атынан Король ІІІ Карлдың, корольдік отбасы мен барлық британдықтардың қайғысына ортақтасып, көңіл айтты.
 
Президент елді 70 жыл бойы басқарған ІІ Елизавета Патшайымның аса көрнекті көшбасшы, ұлы британ халқының бірлігі мен табандылығының символы болғанын атап өтті.
 

Оның даналыққа, мейірімге және жігерге толы басшылығы Біріккен Корольдіктің одан да тұрақты, алуан түрлі және өркендеген қоғам құру жолында қарқынды дамуына өз септігін тигізді. Ол халықаралық қауіпсіздік пен орнықты дамуды нығайтуға бағытталған күш-жігерді ілгерілетуде көшбасшы болды. Оның тектілігі, қадір-қасиеті мен орасан зор жетістігі әлемдегі миллиондаған адамды жігерлендіре түсетініне, ал мол мұрасы өскелең ұрпақтың жүрегінде мәңгі сақталатынына сенімдімін", – деп жазылған Қазақстан Президентінің жеделхатында.

 
Естеріңізге сала кетейік, Ұлыбритания патшайымы II Елизавета 2022 жылдың 8 қыркүйегінде, өмірінің 97-ші жылында қайтыс болды. III Карл ресми түрде Ұлыбританияның королі деп ертең, сенбі күні, 10 қыркүйекте жарияланады. Ұлыбританияда он күндік аза тұту жарияланды.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны