09.12.2022, 15:45 35646

Қазақстан еуразиялық интеграцияның дамуына шынайы және мазмұнды түрде мүдделі - Тоқаев

Қазақстан еуразиялық интеграцияның дамуына шынайы және мазмұнды түрде мүдделі - Тоқаев
Сурет: Telegram/Sputnik ?ыргызстан
ЕАЭО аясындағы ынтымақтастық жаһандық үрдістерден ерекшеленеді

Бішкек. 9 желтоқсан. KAZAKHSTAN TODAY - Қазақстан еуразиялық интеграцияны дамытуға шын жүректен және мазмұнды түрде мүдделі, деп мәлімдеді Бішкектегі ЕАЭО саммитінде сөйлеген сөзінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Қазақстан тарапынан интеграциялық процестерді тежеу туралы сөз болуы мүмкін емес. Қазақстан, керісінше, Одаққа мүше мемлекеттердің мүддесін көздейтін ЕАЭО туралы шартқа толық сай келетін экономикалық интеграция процесін жетілдіру және оңтайландыру үшін барлық күш-жігерін жұмсайды. Әрине, елдеріміздің ұлттық мүдделері ескерілуі керек", - деді Тоқаев.


Оның айтуынша, халықаралық қоғамдастық пандемия зардабынан айығып үлгермей жатып, жаңа геосаяси және экономикалық сын-қатерлермен бетпе-бет келді.

Біз бүгінде әлемдегі сауда-саттықты айтарлықтай шектейтін түрлі тыйымдар, квоталар мен баж салықтары енгізіліп жатқанын көріп отырмыз. ЕАЭО аясындағы ынтымақтастығымыз жаһандық үрдістерден ерекшеленетіні келешекке сенім ұялатады", - деді Қазақстан басшысы.


Сыртқы факторлардың қысымына қарамастан, Қазақстанның ЕАЭО-ға мүше елдермен тауар айналымы қаңтар-қазан айларында 7 пайызға өсіп, 23 миллиард долларға жетті. Бірлескен ауқымды жобалар жүзеге асырылып жатыр, деп атап өтті Президент.

Халықаралық ұйымдардың болжамдары көңіл көншітпейді. Халықаралық валюта қоры 2023 жылы әлемдік экономиканың өсіміне қатысты болжамды 2,7 пайызға, Дүниежүзілік сауда ұйымы 1 пайызға дейін төмендетті. Осыған орай Еуразиялық экономикалық комиссияның дерегі бойынша, ЕАЭО-ға мүше елдердегі тұтыну бағасы өсіп келеді. Қазан айында Одақтағы инфляция деңгейі 11,5 пайызды құрады. Оның негізгі өсімі азық-түлік және азық-түлік емес тауарларға тиесілі. Мұның бәрі азаматтарымыздың сатып алу қабілеті мен әлеуметтік әл-ауқатына айтарлықтай әсер етеді. Белгілі санкциялық шектеулер ЕАЭО-ға мүше барлық мемлекеттің экономикасына қысым жасайтынын мойындау қажет", - деді Тоқаев.


Оның пікірінше, елдеріміздің комиссиялары мен үкіметтері бұл мәселеге ерекше назар аударып, санкциялық шектеулердің әсерін жеңілдету жолдарын ұсынуы керек.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны