02.09.2021, 17:52 16101

Қазақстан Қорғаныс министрлігінің қажеттіліктері үшін жүк көтергіштігі жоғары екі А400М ұшағын сатып алады

Алғашқы әуе кемесін 2024 жылы жеткізу жоспарланған.
НҰР-СҰЛТАН. 2 ҚЫРКҮЙЕК - ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов пен AIRBUS концернінің вице-президенті Альберто Гутиеррес арасындағы келіссөздер ҚР Қорғаныс министрлігінің мұқтаждықтары үшін екі А400М ұшағын сатып алу туралы келісімшартқа қол қою рәсімімен аяқталды, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 

Airbus А400М жүк көтергіштігі жоғары әскери-көлік ұшағы - әскери және азаматтық гуманитарлық миссиялар шеңберінде әуе тасымалдарын орындауға, төтенше жағдайларда жедел шаралар ұйымдастыруға өте тиімді көлік. Ол ұшақтарды жеткізу жөніндегі келісімшарт қызметкерлерді оқыту және техникалық қолдау бойынша қызметтерді де қамтиды. Алғашқы әуе кемесін 2024 жылы жеткізу жоспарланған. Қазақстан Германия, Франция, Ұлыбритания, Испания, Түркия, Бельгия, Малайзия және Люксембургпен қатар ұшақтың осы түрін пайдаланатын әлемдегі тоғызыншы ел болып отыр", - деп хабарлады ҚР ИИДМ.

 
Кездесуге қатысушылар, сондай-ақ, "Қазақстандық авиациялық индустрия" ЖШС базасында "AIRBUS" әскери және азаматтық әуе кемелеріне қызмет көрсету және жөндеу орталығын құруға дайындық барысын талқылады. Келіссөздердің қорытындысында Өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандум жасалды.
 

"AIRBUS" концернімен арадағы ынтымақтастық және Қазақстанда өндірілетін әскери және азаматтық әуе кемелеріне қызмет көрсету мен жөндеудің сертификатталған орталығын құру - ұзақ мерзімді перспективалық ауқымды әрі өзара тиімді жоба. Ол орталық бүкіл Орталық Азия өңірін тиісті қызметпен қамти алады", - деді Бейбіт Атамқұлов.

 
2021 жылдың қыркүйек айында "Қазақстандық авиациялық индустрия" ЖШС кәсіпорнының мүмкіндіктеріне техникалық аудит жүргізу үшін "AIRBUS D&S" мамандары келеді деп жоспарланып отыр.
 
A400M - 21 ғасырдағы әуе күштері мен басқа да ұйымдардың түрлі қажеттіліктеріне жауап беретін бүгінгі таңдағы қолжетімді, әмбебап әуе кемелері. Ол үш түрлі тапсырманы орындай алады: оқиға орнында тактикалық және стратегиялық тапсырмалар, сондай-ақ "танкер" ретінде қызмет етеді. Қарама-қарсы бағытта жұмыс істейтін төрт бірегей Europrop International (EPI) TP400 турбопропты қуат қондырғыларымен жабдықталған A400M жылдамдығы мен биіктігі бойынша кең ауқымда ұша алады. Бұл - қоғам игілігі үшін әскери және гуманитарлық миссиялар тұрғысынан әлем елдерінің түрлі талаптарына жауап беретін тамаша әуе кемесі.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны