Қазақстанда Алғыс айту күні аталып өтуде
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев және Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Алғыс айту күнімен құттықтады.
Қымбатты отандастар! Алғыс айту күні Қазақстан халқының бірлігін паш етеді, мейірімділіктің, өзара көмек пен жақсылықтың жаршысы болып саналады. Көктемнің алғашқы күнінде – тіршілік атаулы жанданып, жер-дүние жаңаратын кезеңде атап өтілуі бұл мерекеге ерекше сән береді. Бүгін біз қазақ халқының рухани ерлігі мен еліміздегі барлық этностардың басына түскен ауыр сынақтарды еске алып қана қоймай, келешекке зор сеніммен қараймыз. Қазақстан қоғамының келісімі мен татулығы – сол жарқын болашақтың берік іргетасы", - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Ол коронавирус пандемиясына тойтарыс беру кезінде де біздің бірлігіміздің маңызы айқын көрініп отырғанын атап өтті. Қазақстандықтар мемлекетіміздің тұрақты дамуына қауіп төндірген жаһандық сынаққа ел болып жұмыла қарсы тұрды.
Тәуелсіздіктің 30 жылдығында өрлеу мен өркендеуге бастайтын жол адамгершіліктің айнымас қағидаларына, толеранттылық принциптеріне, төл тарихымызға құрмет пен ортақ Отанымыз – Қазақстан Республикасына деген сүйіспеншілікке негізделетінін тағы бір мәрте айғақтап отырмыз. Барлық қазақстандықтарды Алғыс айту күнімен шын жүректен құттықтаймын! Баршаңызға мол игілік, мықты денсаулық, тыныштық пен бақ-береке тілеймін!", - деп қорытындылады Елбасы.
Сондай-ақ, Қазақстан азаматтарын Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтады.
Құрметті отандастар! Сіздерді Алғыс айту күнімен шын жүректен құттықтаймын! Елбасы 2015 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында жариялаған осы айтулы мерекенің мәні терең, маңызы ерекше. Бұл күні халқымыздың бір-біріне өзара қамқорлығы, мызғымас береке-бірлігі мен ынтымағы кеңінен дәріптеледі. Біз осы құндылықтардың арқасында мемлекеттігімізді жаңғыртып, түрлі сын-қатерден сүрінбей өттік. Қазір Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық белесін әлеуметтік-экономикалық саладағы және халықаралық деңгейдегі толағай табыстармен қарсы алғалы отырмыз", - деді Тоқаев.
Ол бүгінде азаматтарымыз егемен елімізді дамытуға, қастерлі қазақ жеріндегі бейбітшілікті, татулық пен келісімді нығайтуға өлшеусіз үлес қосып отырғанын атап өтті.
Мен баршаңызға Отанымыздың өркендеуі жолында сіңірген жасампаз еңбектеріңіз үшін алғыс айтамын. Біз біртұтас және еңбекқор ұлт болсақ, көздеген мақсаттарымызға жетеміз. Бәріміз бірге әділетті қоғам құрып, мемлекеттілігімізді орнықтыра түсеміз деп сенемін. Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке және мол игілік тілеймін!", - деп атап өтті Президент.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.