02.11.2021, 20:23 90859

Қазақстанда ұлттық саябақтардағы құқық бұзушылықтар үшін жаза күшейтіледі

Қазақстанда ұлттық саябақтардағы құқық бұзушылықтар үшін жаза күшейтіледі
НҰР-СҰЛТАН. 2 ҚАРАША - ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі ұлттық парктерде құқық бұзушылықтар үшін жазаны қатаңдатуды көздейтін "Қылмыстық кодексіне, қылмыстық процестік кодексіне және әкімшілік кодексінің кейбір баптарына өзгерістер енгізу туралы" заң жобасын әзірледі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ведомствоның Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары Данияр Тұрғанбаев мәлім етті, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY Орталық коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
 

ҚР Қылмыстық кодексіне, әкімшілік кодексінің кейбір баптарына енгізілетін өзгеріс экологияны, қоршаған табиғи ортаны, соның ішінде ұлттық парктерді сақтауға оң ықпал етеді деп есептейміз. Қазақстанның табиғи байлығы, орман алқабы ондағы жануарлар дүниесі, жойылып кету қаупі бар жануарлар бар, эко жүйе толығымен сақталып, бабадан балаға аманат ретінде жалғасып отыруы тиіс. Сондықтан ұлттық парктердегі құқық бұзушылықтарды азайту мақсатында өзгерістер енгізуді ұсынамыз", - деді спикер. 

 

Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар режимін, мемлекеттік ұлттық табиғи парктерде туристік және рекреациялық қызметті жүзеге асыру ережелерін бұзғаны үшін айыппұл салу ұсынылады. Қазіргі кезде жаза қолданылмайды. Мамандардың пайдаланушылардың бұзушылықтарына, шарттық міндеттемелердің орындалмауына, автокөлік тұрақтарының қамтамасыз етілмеуіне, лауазымды тұлғалардың жер учаскесін таңдау актісінде көзделмеген жерлерде жер учаскелерін беруіне, бас жоспарлардың шеңберінен тыс құрылысқа тап болатыны да сондықтан болар. Осының барлығы қорғалатын аймақтар аумағында орналасқан мемлекеттік табиғи-қорық қоры объектілерінің, тарихи-мәдени мұра объектілерінің бұзылуына әкеп соғады", - деді Данияр Тұрғанбаев.

 
Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары түсіндіргендей, жаңа баптар аталған бұзушылықтар үшін жауапкершілікті қарастыратын болады.
 
Сонымен қатар, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен орман заңнамасы саласындағы талаптарды бұзғаны үшін лауазымды, жеке және заңды тұлғалардың әкімшілік жауапкершілігін күшейту ұсынылады. 
 
Оның айтуынша, бүгінгі таңда басты мәселе ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды қатты тұрмыстық қалдықтармен ластау болып табылады.
 

Бүгінгі таңда мемлекеттік ұлттық табиғи парктер аумағында 2021 жылдың 9 айында ЕҚТА-да санитарлық нормаларды сақтау бойынша 1863 рейдтік іс-шара өткізілді. Барлық ұлттық парктер бойынша орманды қалдықтармен ластау фактісі бойынша 118 бұзушылық анықталды. Осы кезеңде ұлттық парктер аумағынан 779 мың адам қатысқан 978 тонна қоқыс шығарылды. Табиғатқа ұқыпты қарауға қатысты халықпен түсіндіру жұмыстары тұрақты негізде жүргізіледі, алайда түсіндіру, насихаттау шаралары жеткіліксіз болып табылады. Осыған байланысты, ӘҚБтК-нің 372-бабының 4-бөлігінде орманды қалдықтармен, химиялық заттармен ластағаны және орман қоры жерлеріне өзге де залал келтіргені үшін жауапкершілікті күшейту ұсынылуда, өйткені қолданыстағы санкциялар тиімсіз болып табылады", - деп атап өтті спикер.

 
Оның айтуынша, 372-бап бойынша қазіргі уақытта жеке тұлғалар үшін 10 АЕК айыппұл қарастырылған, ол 20 АЕК-ке дейін ұлғаяды. Егер жыл ішінде қайталанған бұзушылық болса, ол тағы екі есе артады.
 

Қылмыстық кодекске енгізілетін өзгерістер теріс қылық санатынан қылмыс санатына ауыстыру арқылы ерекше қорғалатын табиғи аумақтар аумағында тиісті қызмет түрлерін жүзеге асыратын тұлғалардың жауапкершілік деңгейін арттырады және құқық бұзушылық жасағаны үшін жазаны қатаңдатады: ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу, жою немесе бүлдіру, қоқыстану, жерді бүлдіру, жер қойнауын өз бетінше пайдалану, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар режимін бұзу. Сонымен қатар, орман алқаптарын сақтау мақсатында орман қорына кіретін ағаштар мен бұталарды заңсыз кескені, жойғаны немесе зақымдағаны, ормандарды молықтыру мен орман өсіргені үшін едәуір залал келтіре отырып жауапкершілікті қатаңдату көзделуде. Бұл орман пайдалану мен ағаш кесуді белгіленген тәртіппен жүзеге асыруға және заңсыз ағаш кесу үшін әділ жаза белгілеуге ықпал етеді", - деп ескертті эко-ведомство өкілі.

 
Айта кетейік, Қазақстан Республикасының ерекше қорғалатын табиғи аумақтарының жалпы ауданы 26,2 млн га, яғни ел аумағының 9,6% құрайды, оның ішінде заңды тұлға мәртебесі бар аумақтар 7,6 млн га немесе республика алаңының 2,78%-ын алып жатыр. Сонымен қатар, елімізде 10 мемлекеттік табиғи қорық, 13 мемлекеттік ұлттық табиғи парк, 6 мемлекеттік табиғи резерват бар.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны