27.04.2022, 18:24 15036

Қазақстанда ұсақ ЖКО кезінде сақтандыру төлемі жеңілдетіледі

Қазақстанда ұсақ ЖКО кезінде сақтандыру төлемі жеңілдетіледі
НҰР-СҰЛТАН. 27 СӘУІР - Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында "Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне сақтандыру нарығын және бағалы қағаздар нарығын реттеу мен дамыту мәселелері бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" заң жобасы мақұлданды.
 

Заң жобасын ҚР Парламенті Мәжілісінің 2021 жылғы 15 желтоқсандағы жалпы отырысында депутаттар бірінші оқылымда тұжырымдамалық түрде мақұлдады. Заң жобасының негізгі мақсаты сақтандыру және бағалы қағаздар нарығын реттеу мен дамыту саласындағы заңнаманы жетілдіруге бағытталған", - деді Мәжіліс депутаты Дания Еспаева заң жобасын екінші оқылымда талқылау барысында. 

 
Сақтандыру нарығы келесіні қамтамасыз етеді: 
 
- Өмірді сақтандырудың жаңа әлеуметтік маңызды өнімдерін енгізу. 
 
- Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры кепілдік беретін сақтандыру сыныптарының тізбесін кеңейту. 
 
- Халықты кәсіпкерлердің сапасыз қызметтерінен қорғауды күшейту, сақтандыру омбудсменінің рөлін арттыру. 
 
- Сақтандыру қызметтерін одан әрі цифрландыру. 
 

Бағалы қағаздар нарығы мыналарды қамтамасыз етеді: Қор нарығында инвесторларды қорғау шараларын күшейту, қазақстандық компаниялардың тәуекелдерін тиімді хеджирлеу үшін құқықтық жағдайлар жасау, бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушыларды реттеу мен қадағалау тәсілдерін қайта қарау. Осы заң жобасы бойынша жұмыс тобына 300-ден астам ұсыныстар келіп түсті. Сонымен қатар, ҚР Президентінің тапсырмаларын орындау аясында, атап айтқанда, жеткізушілердің кредиттік бюроға ақпаратты беру мерзімін он бес күннен бір жұмыс күніне дейін қысқартуға қатысты, микроқаржы ұйымдарының микро және шағын бизнесті, әсіресе ауылдық жерлерде несиелендіру әлеуетін кеңейту әрі қаржылық инновацияларды енгізу үшін қолайлы жағдай жасау мәселесі бойынша, түзетулер енгізілді", - деді депутат. 

 
Заң жобасын жұмыс тобының отырыстарында қарау барысында заң жобасының жекелеген нормаларын жетілдіру мақсатында тиісті түзетулер ескерілді. 
 
Сақтандыру нарығы бойынша: 
 
- жол-көлік оқиғалары (ЖКО) бойынша сақтандыру төлемдерін жедел алуды қамтамасыз ету үшін полицияның қатысуынсыз және сотқа жүгінбей мобильді қосымшаның көмегімен іске асырылатын автосақтандыру (Еурохаттама) бойынша сақтандыру жағдайын реттеудің жеңілдетілген тәртібін енгізу; 
 
- апаттылық көрсеткіші төмен жүргізушілер үшін сақтандыру полисін сатып алу кезінде жеңілдік беру үшін пайдаланылатын "бонус-малус" коэффициенттерін қайта қарау арқылы міндетті автосақтандырудың баға белгілеу жүйесін жетілдіру; 
 
- заң талаптары бойынша сақтандыру шартын жасасуға міндетті және осындай талаптарды орындамағаны үшін әкімшілік жауаптылықта болатын азаматтарды сақтандыру шартының қолданылу мерзімінің өткені туралы сақтандыру компанияларының алдын ала хабардар етуі; 
 
- сақтандыру ұйымынан зейнетақы аннуитеті шартының өтеу сомасы мен ең төменгі құнының айырмасын "Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры" АҚ-ға аудару мүмкіндігі қарастырылған. 
 
Бағалы қағаздар нарығы бойынша: 
 
- "Акционерлік қоғамдар туралы" Заңда белгіленген шектеуді алып тастау арқылы квазимемлекеттік акционерлік қоғамдардың акцияларын сатып алу тетігін жетілдіру; 
 
- "Астана" халықаралық қаржы орталығының актілеріне сәйкес шығарылған бағалы қағаздармен Қазақстанның қор нарығында мәмілелер жүргізу мүмкіндігін белгілеу қарастырылған. 
 
Қаржы нарығы бойынша:
 
 - микроқаржы ұйымдары үшін банктік лицензия алғанға дейін микроқаржылық қызметті үзбей, айналдыру тетігі арқылы екінші деңгейдегі банк болып қайта құрылу мүмкіндігін беру; 
 
- интернет-алаяқтыққа байланысты тәуекелдерді төмендету және қарыз алушылардың борыштық жүктемесінің деңгейін бақылау мақсатында кредиттік бюроларға ақпаратты ұсыну мерзімдерін қарызға байланысты базалық мәліметтер бойынша 15 жұмыс күнінен 1 жұмыс күніне дейін қысқарту көзделеді.
 
Ақпарат көзі: inform.kz 
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны