19.12.2022, 19:29 21576

Қазақстанда үш жылда 655 медициналық нысан салу жоспарлануда

Қазірдің өзінде апатты жағдайда тұрған қолданыстағы нысандардың орнына 420-ға жуық нысан тұрғызылмақ

Астана. 19 желтоқсан. KAZAKHSTAN TODAY - ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Алтай Көлгіновтың төрағалығымен өткен кеңесте ауылдық елді мекендерді медициналық объектілермен қамтамасыз ету мәселелері талқыланды, деп хабарлайды ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі.
 
 "Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту" ұлттық жобасы аясында 2023-2025 жылдар аралығында еліміздің өңірлері мен шалғай ауылдарда 655 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысаны салынады. Олардыңішінде 253 медициналық пункт, 160 дәрігерлік амбулатория, 242 фельдшерлік-акушерлік пункт бар. Мысалы, Қарағанды облысында 92 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысанын, Абай облысында 65 нысан, Жетісу облысында 59 нысан, Ақмола және Алматы облыстарында 38 нысаннан және т. б. салу жоспарланып отыр.
 

Ауылдар мен шалғай аудандардың тұрғындары облыс орталықтары мен қалаларға барып, медициналық көмек алу үшін шақырымдап жол жүріге мәжбүр. Бұл жерде уақытылы медициналық көмек көрсету мәселесі жайына қалып отыр. Ауылдар мен шалғай аудандар тұрғындарының сапалы медициналық көмек алуын, оның ішінде "алтын сағат" ішінде көмек көрсетілуін қамтамасыз ету қажет. Осыған байланысты Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша "Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту" ұлттық жобасы әзірленді", - деді Алтай Көлгінов.

 
Жоспарланған 655 жаңа нысанның 20-сы медициналық нысаны мүлдем жоқ ауылдарда салынбақ. Осы уақытқа дейін медициналық нысандарға арналған арнайы ғимараттары болмаған ауылдарда және шалғай аудандарда тағы 208 медициналық нысан салынады.
 
Қазірдің өзінде апатты жағдайда тұрған қолданыстағы нысандардың орнына 420-ға жуық нысан тұрғызылмақ.
 
Ұлттық жобаны іске асыру нәтижесінде шамамен 1 млн ауыл тұрғынын алғашқы медициналық-санитарлық көмекпен қосымша қамту көзделіп отыр. Сондай-ақ шұғыл және мамандандырылған медициналық көмекуақытылы көрсетілмек.
 
Өңірлердің әкімдіктеріне және ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне жер учаскелерін бөлу, оларға инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды жүргізу, 2023 жылдан бастап объектілердің құрылысын бастау тапсырылды.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны