02.07.2024, 16:37 34581

Қазақстанда шегірткеге қарсы 2 млн га алаң өңделді

Түркістан және Жамбыл облыстарында шегірткеге қарсы қорғаныс шаралары толығымен аяқталды, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен Республикалық жедел штабтың кезекті отырысында шегірткеге қарсы күрес бойынша қазіргі жағдай қаралды.

Бүгінгі таңда химиялық өңдеу 2 млн га алқапта жүргізілді, бұл болжаған өңдеу көлемінің 77,4%-ын құрайды.

Абай, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстарында итальялық прусқа қарсы өңдеу аяқталды. Ақмола және Солтүстік Қазақстан өңірлерінде жұмыс басталады.

Өткен аптада нөсер жауын мен қатты желге байланысты Ақтөбе және Қостанай облыстарында мониторинг пен химиялық өңдеу тоқтатылған болатын. Жұмыс сәрсенбі-бейсенбі күндері басталады. Өңірлер пестицидтермен қамтамасыз етілген, қажет болған жағдайда қосымша техника жіберіледі.

Ақтөбе облысындағы РФ-мен бүкіл шекара маңы аумағы өңделді. Тексеру басқа өңірлердің шекарасында жүргізіледі. 1 шілдеде Серік Жұманғариннің РФ Үкіметі төрағасының орынбасары Дмитрий Патрушевпен телефон арқылы сөйлесуі кезінде ресей тарапынан Қазақстанмен шекаралас аумақтарды өңдеу аяқталғаны белгілі болды.

Сонымен қатар Серік Жұманғарин өңірлердің әкімдіктеріне жағдай толық тұрақталғанға дейін жұмыс қарқынын төмендетпеуді тапсырды.

Отырыста аграршыларды минералды тыңайтқыштармен қамтамасыз ету барысы да қаралды.

Естеріңізге сала кетейік, биыл Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында тыңайтқыш енгізу көлемін 1,5 млн тоннаға дейін ұлғайту бойынша шаралар қабылданды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,2 есе көп. Наурыз айынан бастап отандық тыңайтқыштарды аванстық субсидиялау тетігі іске асырылуда, бұл ретте бюджеттік субсидиялар шаруаларға арзандатылған тыңайтқыштарды сату үшін өндірушілердің арнайы шоттарына алдын ала аударылады.

Облыс әкімдіктерінің дерегі бойынша, 963 мың тонна тыңайтқыш жеткізуге шарттар жасалды, оның 855 мың тоннасы жөнелтілген.


 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны