01.08.2022, 15:37 15761

Қазақстанда ШОБ тексеруге мораторийді ұзарту жоспарлануда

Қазақстанда ШОБ тексеруге мораторийді ұзарту жоспарлануда
НҰР-СҰЛТАН. 1 ТАМЫЗ - Қазақстан Республикасында тексерулер мен профилактикалық бақылау мен қадағалауды жүргізуге мораторий енгізу туралы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына түзетулер жобасы әзірленді, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY Ашық НҚА сайтына сілтеме жасап.
 

Орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар шағын кәсіпкерлікке, оның ішінде микрокәсіпкерлік субъектілеріне қатысты мемлекеттік органдардың бастамасы бойынша жүргізілетін мемлекеттік бақылау мен қадағалауды 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап 2024 жылғы 1 қаңтарға дейін тоқтатсын", - делінген құжат жобасында.

 
Ерекшеліктер:
 
1) Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінің 144-бабының 5-тармағының 3), 4), 5), 6), 7) және 8) тармақшаларына сәйкес жүргізілетін жоспардан тыс тексерулер, оған мыналар:
 
- сенімді негіздер және растайтын дәлелдемелер болған кезде Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұзушылықтар бойынша жеке және заңды тұлғалардың жолданымдары;
 
- адамның өміріне, денсаулығына, қоршаған ортаға және жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің заңды мүдделеріне зиян келтірудің нақты фактілері бойынша не зиян келтіру қатері туралы прокуратура органдарының тапсырмалары;
 
- адамның өміріне, денсаулығына, қоршаған ортаға және жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің заңды мүдделеріне зиян келтірудің, сондай-ақ жойылмауы адамның өмірі мен денсаулығына зиян келтіруге алып келетін Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұзушылықтардың нақты фактілері бойынша мемлекеттік органдардың жолданымдары;
 
- бақылау мен қадағалау субъектісінің бастапқы тексерумен келіспейтіні туралы жүгінуіне байланысты қайта тексеру (жедел ден қою шараларын қолданудың құқыққа сыйымсыздығы);
 
- қылмыстық қудалау органының Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінде көзделген негіздер бойынша тапсырмасы;
 
- салық төлеушінің жолданымдары, "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасының Кодексінде (Салық кодексі) айқындалған мәліметтер мен мәселелер;
 
2) Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес негізінде жүзеге жүргізілетін бақылау сатып алу түріндегі тергеп-тексеру және профилактикалық бақылау;
 
3) көліктегі қауіпсіздік талаптарын сақтау тұрғысынан көліктік бақылау бекеттерінде автомобиль көлігі құралдарының Қазақстан Республикасының аумағы арқылы жүріп өтуіне байланысты тексерулер;
 
4) тірі малды, жануарлардан және (немесе) өсімдіктерден алынатын өнім мен шикізатты өткізетін сауда базарларында, жануарлардан және (немесе) өсімдіктерден алынатын өнімдер мен шикізатты бірыңғай технологиялық циклде өндіруді, дайындауды (мал союды), сақтауды, қайта өңдеуді жүзеге асыратын ұйымдарда мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау мен қадағалауды және мемлекеттік карантиндік фитосанитариялық бақылау мен қадағалауға байланысты тексерулер;
 
5) карантиндік аймақтарда және карантиндік аймақтардағы және жануарлардың аса қауіпті ауруларының қолайсыз пункттеріндегі, ошақтарындағы, карантиндік объектілердің, аса қауіпті зиянды организмдердің таралу ошақтарындағы іс-шараларды мемлекеттік бақылауға және қадағалауға байланысты тексерулер;
 
6) Қазақстан Республикасының мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы заңнамасына сәйкес жүргізілетін, республикалық және жергілікті бюджеттерді жоспарлау мен атқару мәселелерін реттейтін өзге де нормативтік құқықтық актілер талаптарының сақталуына байланысты тексерулер;
 
7) "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жағдайларда және егер Қазақстан Республикасының заңнамасында рұқсаттық бақылау көзделген болса, рұқсат және (немесе) рұқсатқа қосымша берілгенге дейін өтініш берушінің біліктілік немесе рұқсат беру талаптарына сәйкестігіне рұқсаттық бақылауға байланысты тексерулер;
 
8) кеден ісі саласындағы мемлекеттік бақылауға байланысты тексерулер;
 
9) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын кесіп өтуге байланысты тексерулер;
 
10) Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасын және (немесе) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын кесіп өткен кезде және (немесе) халықаралық шарттарға сәйкес айқындалатын жеткізу орындарында, кедендік тазартуды аяқтау орындарында мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау мен қадағалауды, мемлекеттік карантиндік фитосанитариялық бақылау мен қадағалауды, өсімдіктерді қорғау саласындағы мемлекеттік бақылауды жүргізуге, сондай-ақ фитосанитариялық және ветеринариялық бақылау бекеттерінде мемлекеттік карантиндік фитосанитариялық бақылау мен қадағалауды, ветеринариялық-саниатариялық бақылауды жүргізуге байланысты мемлекеттік бақылау мен қадағалауға байланысты тексерулер;
 
11) прокуратура жүзеге асыратын жоғары қадағалауға байланысты тексерулер;
 
12) қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі іс жүргізу барысында бақылауға және қадағалауға байланысты тексерулер;
 
13) террористік тұрғыдан осал объектілердің терроризмге қарсы қорғалуын қамтамасыз ету бөлігінде Қазақстан Республикасының терроризмге қарсы іс-қимыл туралы заңнамасы талаптарының сақталуына байланысты тексерулер;
 
14) әрекеттерінде картель белгілері байқалатын мемлекеттік сатып алуға қатысушыларға қатысты Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасы талаптарының сақталуын тексерулер.
 
Түзетулер жобасы "Ашық НҚА" сайтында жарияланды.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны