13.12.2022, 18:41 14726

Қазақстанда әскери қызметшілердің әлеуметтік қамсыздандырылуын жақсартуға ниетті

Әскери оқу орындарындағы азаматтық оқытушылардың, медицина қызметкерлерінің және жалпы азаматтық персоналдың жалақысын көтеру мәселелері қаралды
Астана. 13 желтоқсан. KAZAKHSTAN TODAY - Астанада күштік құрылым өкілдерінің қатысуымен әскери қызметшілерді әлеуметтік қамтамасыз етуге қатысты мәселелерді пысықтаған кеңес өтті, деп хабарлайды ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.
 

Онда Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықовтың Отан алдындағы борышты өтеуде ортақ міндеттерді орындайтын әскери қызметшілер мен күштік құрылымдар қызметкерлерінің ақшалай үлес мөлшерін теңестіру туралы ұсынысы талқыланды. Одан өзге әскери оқу орындарындағы азаматтық оқытушылардың, медицина қызметкерлерінің және жалпы азаматтық персоналдың жалақысын көтеру қажеттілігіне назар аударылды. Ұсыныстар пакетінде келісімшарт бойынша әскери қызметшілердің, яғни қатардағы және сержанттық құрамның жалақыларының тарифтік санатын үш разрядқа арттыру мәселесі де бар", - деп атап өтті ведомствода.

 
Сондай-ақ әскери қызметшілерге тұрғын үй және зейнетақы заңнамасы саласындағы әлеуметтік кепілдіктерді нығайту, оның ішінде әскери қызметшілердің әйелдерінің шалғайдағы гарнизондарда жұмысқа орналасу проблемасын ескере отырып, олардың жұмыс өтілін есептеу мүмкіндіктері қаралды.
 
Кеңес қорытындысы бойынша әзірленген ұсыныстар Қауіпсіздік Кеңесінің қарауына жіберілетін болады.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны