09.01.2025, 16:40 13076

Қазақстандағы жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарнасының мөлшері ұлғайтылды

Қазақстандағы жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарнасының мөлшері ұлғайтылды
2025 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарнасының (ЖМЗЖ) мөлшері ұлғайды. Қазір ол - 2,5%, деп хабарлайды "БЖЗҚ" АҚ баспасөз қызметінен.

Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық жұмыс берушілер зейнетақы жинақтарын қалыптастыруға қатысып, БЖЗҚ-ға жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарнасын (ЖМЗЖ) өз қызметкерлерінің пайдасына аудара бастады. Осылайша, Қазақстанның жинақтаушы жүйесі жаңа құрамдауыш бөлікпен толықтырылды.

Әлеуметтік кодекске сәйкес, қызметкерлер өз кірістерінен төлейтін 10% міндетті зейнетақы жарналарынан (МЗЖ) айырмашылығы - ЖМЗЖ-ны жұмыс беруші өз қаражаты есебінен аударады. Жыл сайын ЖМЗЖ мөлшері кезең-кезеңімен өсіп отырады (2024 жылы 1,5%, 2025 жылы 2,5%, 2026 жылы 3,5%, 2027 жылы 4,5%) және 2028 жылы 5% жетеді. Жұмыс берушінің ЖМЗЖ есептеу үшін қабылдайтын жұмыскердің табыс сомасы тиісті күнтізбелік жылға белгіленген ең төменгі жалақының (ЕТЖ) кем дегенде біреуін және көп дегенде 50-еселенген мөлшерінен аспауы тиіс.

Жұмыс берушілер зейнет жасындағы, 1-ші және 2-ші топтағы мерзімсіз мүгедектігі бар, әскери қызметшілер мен оларға теңестірілген адамдар, сондай-ақ 1975 жылдың 1 қаңтарына дейін туған адамдардың пайдасына ЖМЗЖ төлеуден босатылды. Жұмыс берушілердің ЖМЗЖ-ны уақытылы және толық төлеп отыруын бақылау ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетіне жүктелген.

Қызметкерлердің жеке зейнетақы шоттарына түсетін МЗЖ-дан тағы бір ерекшелігі, ЖМЗЖ шартты зейнетақы шоттарына есептеледі және қызметкерлердің меншігі болып саналмайды. Тиісінше, ЖМЗЖ есебінен қалыптасқан жинақтарды қызметкерлер мұраға қалдыра алмайды. ЖМЗЖ зейнетақыны ортақ (таратушы) қағидаты бойынша төлеуге арналған. Сондықтан, Қазақстан азаматтығынан айырылған немесе қайтыс болған адамдар үшін төленіп келген ЖМЗЖ қалған қатысушылар арасында бөлініп, өмір бойы төленетін болады.

ЖМЗЖ енгізу 1975 жылы және одан кейін туған жұмысшылардың ортақ зейнетақы алуға мүмкіндік беретін 1998 жылға дейінгі жұмыс өтілінің жоқтығын немесе мүлде аз екендігін ескере отырып, осы азаматтарды зейнетақымен қамсыздандыруға бағытталған. Болашақта олардың жиынтық зейнетақысы үш құрамдауыш көзден, яғни базалық - мемлекеттен, жинақтаушы - БЖЗҚ-ға аударған міндетті зейнетақы жарналары және шартты-жинақтаушы - жұмыс берушілердің жарналары есебінен қалыптасатын болады.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны