19.08.2021, 19:00 13880

БҰҰ қызметкерлері Кабулдан Алматыға келді

АЛМАТЫ. 19 ТАМЫЗ - Ауғанстандағы ішкі саяси ахуалдың шиеленісуіне байланысты Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ) өзінің Ауғанстанға жәрдем көрсету жөніндегі миссиясын (UNAMA) және АИР-да аккредиттелген БҰҰ-ның басқа да агенттіктерін Алматы қаласына уақытша орналастыру туралы Қазақстанға өтініш білдірді, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 

Қазақстан мен БҰҰ-ның жан-жақты өзара іс-қимылы рухы шеңберінде және осы ұйымның толық құқықты мүшесі ретіндегі міндеттемелері аясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ өтінішін қолдау туралы шешім қабылдады. 18 тамызда UNAMA қызметкерлері бар алғашқы борт Алматы әуежайына қонды. СІМ Алматы Әкімдігі, құзыретті ведомстволар және қызметтермен бірлесіп, оларды орналастыру бойынша жедел түрде қажетті шараларды қабылдауда. Келген қызметкерлер халықаралық дипломаттар, БҰҰ паспорттары мен иммунитеттерінің иегерлері болып табылады", - деп хабарлады ҚР СІМ. 

 
Алматыда UNAMA және басқа да БҰҰ агенттіктерінің кеңселерін орналастыру және олардың одан әрі қызмет етуі уақытша, яғни Ауғанстандағы жағдай тұрақталғанға дейін, шамамен жарты жылға созылады деп күтілуде. Қызметкерлердің тұруы, кеңсе мен үй-жайларын жалға алуы және т.б. барлық шығыстары толығымен БҰҰ-ның бюджетінен қаржыландырылады.
 
Сәрсенбіде өткен брифингте БҰҰ Бас хатшысының ресми өкілі Стефан Дюжаррик хабарлағандай, БҰҰ-ның Ауғанстандағы 100-ге жуық қызметкері сәрсенбіде Кабулдан Алматыға ұшып кетті, деп жазады ТАСС.
 

БҰҰ-ның бір топ персоналы Кабулдан Қазақстандағы Алматыға жіберіледі, онда олар жұмысын қашықтық форматта жалғастырады", - деді ол. Дюжаррик бұл шамамен жүзге жуық қызметкер екенін айтты.

 
Естеріңізге сала кетейік, 15 тамызда "Талибан" қозғалысының содырлары Кабулға соғыссыз кіріп, бірнеше сағат ішінде қаланы толық бақылауға алды. Ауғанстан президенті Ашраф Ғани қантөгісті болдырмау үшін елден кететінін айтты.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны