28.04.2022, 17:31 17916

Бас прокуратура ірі кәсіпорындарда 6,5 мыңнан астам қауіпсіздік бұзушылығын анықтады

Бас прокуратура ірі кәсіпорындарда 6,5 мыңнан астам қауіпсіздік бұзушылығын анықтады
НҰР-СҰЛТАН. 28 СӘУІР - Прокурорлар қазақстандық 49 ірі кәсіпорынды тексеріп, жұмысшылар құқығын бұзу деректерін анықтады. Бұл туралы Бас прокуратураның Қоғамдық мүдделерді қорғау қызметінің басшысы Сапарбек Нұрпейісов мәлімдеді.
 

Қауіпсіз еңбек жағдайы конституциялық құқық екені сөзсіз. Прокуратура органдарында осы құқықты сақтау басымдыққа ие. Осы мақсатта прокурорлар 49 ірі кәсіпорынды тексерді", - делінген Сапарбек Нұрпейісовтің Бас прокуратура сайтында жарияланған мақаласында.

 
Оның айтуынша, прокурорлар жұмысшыларға зиян еңбек жағдайлары үшін өтемақы төленбейтінін анықтаған. Қорғаныс құралдары және азық-түлікпен қамтамасыз етудің жоқтығына байланысты 2 мыңнан астам дерек анықталған. Сонымен қатар, жұмыс берушілер барлық жерде қызметкерлерді оқыту, міндетті нұсқау беру, сақтандыру және медициналық тексеруден өткізу шараларын қолданбайды (5 мыңнан астам қызметкер).
 
Өрт, өндіріс және санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік саласында 6,5 мыңнан астам заңбұзушылық анықталған. Бұл - өрт дабылдарындағы және желдету жүйесіндегі ақау, электр қалқандарының қоршалмауы, гидранттар мен өртсөндіргіштердің болмауы және т.б.
 

Мысалы, "Қазақмыс корпорациясы" ЖШС шахталарында шатырларды басқару бекітпелері қойылмаған кезде жұмыс жүргізілген (торкретбетон және болат полимер бекітпелер жоқ). Кеншілер кез келген уақытта тау-кен массасы астында қалуы мүмкін (жазатайым оқиғалардың 60 пайызы дәл осы заңбұзушылықтаға байланысты)", - деп қосты Нұрпейісов.

 
Ол тексеріс барысында қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін 1,5 мыңнан астам технологиялық жабдық жұмысы анықталғанын, ал 50-і толығымен тоқтатылатынын атап өтті. Оларда 2,5 мыңнан астам жұмысшы жұмыс істейді.
 

Азаматтардың еңбек құқығын бұзушылар қатарында "Қазцинк", "Қазхром", "Қазфосфат", "Аралтұз", "Қазақмыс" және "Өзенмұнайгаз" компаниялары бар. Сондай-ақ, еңбекті қорғау саласындағы жағдайды жекелеген жұмыс берушілердің өндірісте жарақаттану және жұмысшылардың өлімін жасыратын заңсыз әрекеттері де қиындатып отыр. Тексеріс барысында осындай 40-тан астам факт анықталды", - делінген мақалада.

 
Жалпы, тексеріс қорытындысы бойынша 69 қадағалау актісі енгізіліп, 226 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Прокурорлардың актісі бойынша 30 мың жұмысшының жалақысы өскен, 600-ден астам жұмысшыға өтемақы төленіп, қорғаныс құралдарымен және арнайы тамақпен кезең-кезеңімен қамтамасыз ету басталған. Сондай-ақ, 22 техниканың жұмысы тоқтатылды, деп түйіндеді сөзін Сапарбек Нұрпейісов.
 
Ол бұл мәселе Бас прокурордың ерекше бақылауында екенін мәлімдеді.
 
Ақпарат көзі: tengrinews.kz
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны