09.03.2022, 18:00 28021

Байланыс операторларына ҚР-дағы нашар интернет үшін айыппұл салынуы мүмкін

Мәжіліс депутаттары Қазақстанның әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексіне байланыс мәселелері бойынша түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады.
Байланыс операторларына ҚР-дағы нашар интернет үшін айыппұл салынуы мүмкін
НҰР-СҰЛТАН. 9 НАУРЫЗ - Мәжіліс депутаттары Қазақстанның әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексіне байланыс мәселелері бойынша түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады.

Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Жанна Телпекбаеваның айтуынша, пандемия және халықтың қашықтан жұмыс режиміне көшуі кезеңінде көрсетілетін байланыс қызметтері сапасының маңыздылығы артты. Ол азаматтардан интернет сапасына көбірек шағым түсетінін атап өтті.

Мәселен, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 637-бабы бойынша ірі кәсіпкерлік субъектілері үшін нашар қызмет көрсеткені үшін 100 АЕК, ал бір жыл ішінде қайталап бұзғаны үшін 200 АЕК-ті құрайды.

Бұл ретте ірі кәсіпкерлік субъектісі бұзушылық фактісін таныған кезде 50%, яғни 50 немесе 100 АЕК мөлшерінде айыппұл төлеуге міндетті. Көбінесе операторлар қосымша жабдықты орнатудан гөрі айыппұлдың жартысын төлеу ыңғайын табады. Сайып келгенде, байланыстағы барлық қолайсыздықтар оператор алдындағы өз міндеттемелерін тұрақты негізде орындайтын, яғни тарифті толық көлемде төлейтін абоненттерге әсер етеді", - деді комитет мүшесі.


Депутат заң жобасы операторлардың техникалық параметрлерге сәйкес келмейтін байланыс қызметтері мен интернетке қолжетімділік үшін жауапкершілігін күшейтуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

Көрсетілген құқық бұзушылық үшін әкімшілік айыппұлды 1000 АЕК-ке дейін (3 063 000 теңге) және бір жыл ішінде қайталап жасалған бұзушылық үшін - 1500 АЕК-ке дейін (4 594 500 теңге) арттыру азаматтардың сапалы байланыс және интернет қызметтерін алу құқығын қорғауға, операторлар арасында бәсекелестік үшін қосымша жағдайлар жасауға мүмкіндік береді", - деп қосты Жанна Телпекбаева.


Ақпарат көзі: egemen.kz
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны