14.02.2024, 21:05 67156

Премьер-министрге патрон зауытында шығарылатын жаңа өнімдер туралы айтылды

Премьер-министрге патрон зауытында шығарылатын жаңа өнімдер туралы айтылды
Сурет: primeminister.kz
Қазақстан Премьер-Министрі Олжас Бектенов Қарағанды облысына жұмыс сапарымен барып, бірқатар негізгі өндірістік кәсіпорынды аралады, сондай-ақ өнеркәсіп секторының өзекті мәселелерімен танысты, деп хабарлайды үкіметтің баспасөз қызметінен.

Өңір басшысы Ермағанбет Бөлекпаев Үкімет басшысына облыс бойынша 61 инвестициялық жобадан тұратын пул құрылғанын айтты. Жалпы құны 1,5 трлн теңгені құрайтын жобалар 14 мыңнан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Олардың басым көпшілігі тау-кен өнеркәсібі, металлургия және құрылыс салаларын қамтиды.

2024 жылы 252 млрд теңгеге 10 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Атап айтқанда, катодты мыс, кремний қорытпалары, жел энергетикасы мұнаралары, мырышталған металл бұйымдары және т.б. шығару бойынша жаңа өндірістер ашылуы тиіс. Саран қаласында жүк автомобильдерінің өндірісі іске қосылады.

Сарыарқа" арнайы экономикалық аймағын аралау барысында Олжас Бектенов "Steel Manufacturing" патрон зауытының жұмысымен танысты. Биыл винтовка патрондары желісін іске қосу жұмыстарын аяқтау жоспарланып отыр, сондай-ақ түрлі калибрдегі патрондардың сериялық өндірісі іске қосылады деп күтілуде.


Қазақстандық патрон зауыты - қорғаныс-өнеркәсіп кешеніндегі жоғары технологиялық бірден-бір кәсіпорын. Мұнда қауіпсіздік мәселесіне және өндірісті автоматтандыруға басымдық берілген, өндірістік процестің барлығы адамның қатысуынсыз, автоматты түрде жүзеге асырылады. Бұған дейін Қазақстанда оқ-дәрі өндірісі болмаған, ал елдің қажеттіліктері бұрынғы қорлардың есебінен жабылып келді немесе шетелден сатып алынды.

Премьер-Министр зауыт өндірістік қуатын толығымен пайдаланып жұмыс істеуі керек екенін, сол себепті оны салалық ведомстволардың жоспарға сай тапсырыстарымен жүктеу қажеттігін атап өтті.

Сондай-ақ Олжас Бектенов "Қарағанды - Балқаш - Алматы" автожолын реконструкциялау барысы туралы баяндамаларды тыңдады. Бүгінгі таңда жаңа асфальт бойынша жол қозғалысы қамтамасыз етілген, айналма жолдар тек жол өтпелері салынып жатқан учаскелерде ғана қалып отыр.

ҚазАвтоЖол" компаниясының басшысы Дархан Иманашевтың айтуынша, 11 көпір мен нысан бойынша жұмыстар аяқталып, Балқаш қаласын айналып өтетін жерде теміржол көпірі арқылы өтпе жол салынды. Оған қоса тасжол бойында 18 демалыс алаңы, оның ішінде санитариялық-гигиеналық тораптар салынбақ. Жобаны аяқтау үшін қазір жол құрылысы материалдары мен қажетті жайластыру элементтері белсенді түрде дайындалып жатыр.


Үкімет басшысы барлық жұмысты жыл соңына дейін аяқтау қажеттігін атап өтті. Бұл ретте ол қосымша арнайы техниканы бөлу және ұзын-сонар кептелістерді болдырмау үшін автожолдардағы қар тазалау шараларын күшейтуді талап етті.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны