24.04.2024, 18:12 157226

Бектенов Атырау облысында су басу қаупін азайту үшін қабылданып жатқан шаралардың барысын тексерді

Бектенов Атырау облысында су басу қаупін азайту үшін қабылданып жатқан шаралардың барысын тексерді
Қазақстан Премьер-Министрі Олжас Бектенов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын орындау аясында Атырау облысында су басу қаупін азайту үшін қабылданып жатқан шаралардың барысын тексерді, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.

Олжас Бектенов облыс орталығындағы тұрғын үй алаптары бекіністерін тексеру барысында Атырау қаласының су тасқынының болжамды екінші толқынына дайындық жұмыстарымен танысты. Батыс өңірде Ресей Федерациясының Ириклин су қоймасынан судың келуіне байланысты, сондай-ақ Жайық өзеніне құйылар сағадағы ірі тасқын мен су деңгейінің көтерілуі салдарынан жағдай күрделі күйінде қалып отыр.

Бұрын хабарланғандай, Батыс Қазақстан облысындағы ірі су тасқынынан кейін ағын су өзен арнасымен Атырау облысына қарай жылжып, Каспий теңізіне құяды. Соңғы тәулікте БҚО тарапынан келетін судың әсерінен Атырау қаласында су деңгейінің 6 см-ге көтерілуі тіркелді (су тасқыны басталғаннан бері жалпы көтерілуі 227 см-ді құрады).

Тұрғын үй алаптарын нығайту, сондай-ақ Жайықтың өткізу қабілетін арттыру үшін өзен түбін тереңдету жұмыстарының қарқыны тексерілді. Тиісті күштердің көлемді судың келуіне дайындық деңгейін қарап көрді.

Үкімет басшысы Олжас Бектенов Атырау облысына су тасқыны жағдайы тұрақтанған өңірлерден әскери қызметшілер мен техниканы жедел жеткізіп, күштерді арттыруды тапсырды.

Бүгінгі таңда су тасқынының алдын алу шараларының 92%-ы орындалды. Жұмысты тиімді жүргізу үшін қала 111 секторға бөлінген. Ұзындығы 482 км қорғаныс бөгеттері салынды, аяқталған учаскелер техникалық қадағалау арқылы тексерілді. Жұмыстарға ТЖМ, ІІМ, Қорғаныс министрлігі, Ұлттық ұланның 6 мыңға жуық әскери қызметшісі, әкімдік қызметкерлері, 2 мыңға жуық техника жұмылдырылған. Еріктілер тарапынан белсенді көмек көрсетілуде. Өткен сенбіде жағалауды нығайту сенбілігі аясында қаланы қорғау жұмыстарына 9 мыңға жуық ерікті қатысты.

Сонымен қатар Жайық өзенінен Каспий теңізіне су өткізу қабілетін арттыру үшін өзен түбін тереңдету жұмыстары жүргізілуде. Су жолдарын тазарту, тереңдету және кеңейту мақсатында арнайы техникалық флоттық кемелер, гидравликалық экскаваторлар қолданылуда.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны