24.04.2024, 18:17 158806

Елімізде су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға қандай әлеуметтік қолдау көрсетілуде

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова су тасқынынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қолдау бойынша мемлекет қабылдап жатқан шаралар туралы айтты.

Мемлекеттің халық алдындағы әлеуметтік міндеттері толық әрі уақтылы орындалуда. Зардап шеккен аймақтардың тұрғындарына әлеуметтік төлемдер бекітілген мерзімнен бұрын берілуде. Мұндай режим биылғы 1 қыркүйекке дейін сақталатын болады. Одан бөлек, мүгедектігі бар азаматтарды қайта куәландыру мен бірінші тоқсанда атаулы әлеуметтік көмекті алып жүргендер үшін қайта тағайындау мерзімдері 1 шілдеге дейін автоматты түрде ұзартылды", - деп атап өтті Тамара Дүйсенова.


Вице-премьер тасқыннан зардап шеккен азаматтардың тұрғын үй мәселесін шешу туралы да айтты. Су тасқыны салдарынан үйлері немесе саяжайлары (жалғыз тұрғын үйі) қалпына келтіру мүмкін болмай қалған азаматтар үшін мәселені шешудің екі жолы ұсынылған:

- жаңа үй салу;

- Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі бекіткен шекті сома аясында азаматтардың таңдауына сай екінші нарықтан дайын баспана сатып алу.

Тасқын судан зардап шеккендердің барлығына 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде біржолғы төлем қарастырылған. Бүгінде ол 11 мыңнан аса отбасыға төленген. Үкімет азаматтарға бүлінген үй заттарын алу үшін қосымша 150 АЕК-ке дейінгі мөлшерде көмек көрсету туралы шешім қабылдады", - деп атап өтті Тамара Дүйсенова.


Айта кетейік, бұл қосымша көмек бүлінген үй заттарын (тоңазытқыш, ас үй плитасы, үстел, орындық, кереует, кір жуғыш машина, теледидар немесе радио, сумен жабдықтау және жылыту құралдары) сатып алуды қаржыландыру немесе шұғыл қажеттілігі бар тауарларды ұсыну түрінде көрсетіледі.

Одан бөлек, өтелмеген несиесі бар азаматтарға банктер мен микроқаржы ұйымдары 1 сәуірден бастап 30 маусымға дейінгі аралықта берешекті өтеу мерзімін ұзартуды қарастыруда. Аталған кезеңде зардап шеккендерге айыппұлдар мен өсімпұлдар есептелмейді. Мұндай шара жеке кәсіпкерлер, шағын және орта бизнес өкілдеріне де ұсынылады. Аймақ әкімдіктері 5 мыңнан аса азаматтың және 110-нан аса бизнес субъектілерінің тізімін жасаған.

Сонымен қатар эвакуациялық орталықтарда болған 4 мыңнан аса бала сауықтыру лагерлеріне, колледждер мен жоғары оқу орындарының жатақханаларына, Назарбаев зияткерлік мектептері, Білім инновация лицейлерінің интернаттарына орналастырылды. Онда тұруға, тамақтануға және оқуға қажетті жағдай жасалған. Олар мұнда үйлері қалпына келтіріліп, мектептерінде оқу процессі қайта жалғасқанға дейін болады.

Бүгінде 500-ден аса бала әлі де эвакуациялық орталықтарда қалып отыр. Олар да білім беру үрдісімен қамтылған. Олардың ата-аналары тасқын судың кетіп, үйлеріне оралғанын немесе баспаналарын қалпына келтіру үшін бағалау жүргізілуін күтіп жүргенін түсінемін. Бұл санаттағы балалардың ата-аналарына бізде балаларды орналастыруға қарастырылған тағы 4 мыңнан аса орын бар екенін айтқым келеді. Егер келісімін берсе, оларды сол жерлерге орналастыруға дайынбыз. Оқу маусымы аяқталған соң ата-аналардың келісімімен балаларға өзі тұрып жатқан аймақта, не басқа өңірлерде орналасқан жазғы демалыс лагерлеріне баруына мүмкіндік беріледі. Бұл мәселемен Оқу-ағарту, жоғары білім, туризм және спорт министрлері тікелей айналысуда", - деп атап өтті Тамара Дүйсенова.


Вице-премьер сондай-ақ зардап шеккен 6 аймақтағы түлектер үшін ұлттық бірыңғай тест бөлек кестемен өткізілетінін жеткізді. Талапкерлер төмен балл алған жағдайда биылғы жағдайға байланысты қаңтар мен наурыз айларындағы ҰБТ-дағы үздік нәтиже ескерілетін болады. Одан бөлек, қазір қосымша нысаналы гранттар бөлу жағы қарастырылып жатыр.

Вице-премьер барлық медициналық мекемелер күшейтілген режимде жұмыс істеп жатқанын да атап өтті. Қазірде қажетті дәрі-дәрмек қоры әзірленген. Эпидемиологиялық бригадалар құрылып, жапа шеккен аймақтардағы ауыз су сапасы мен ерекше қорғалатын аумақтар тұрақты бақылауға алынған. Бүгінде эпидемиологиялық жағдай тұрақты деп бағалануда.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны