28.11.2022, 08:41 10256

Екібастұзда төтенше жағдай режимі жарияланды

Екібастұзда төтенше жағдай режимі жарияланды
Астана. 28 қараша. KAZAKHSTAN TODAY - ҚР "Азаматтық қорғау туралы" Заңының 48-бабына сәйкес, Екібастұз қаласының аумағында жылу желілеріндегі апатқа байланысты қала әкімі техногендік сипаттағы жергілікті төтенше жағдай жариялады.
 
Екібастұз қаласы әкімдігінің хабарлауынша, сағат 01:30-дағы жағдай бойынша 17 көпқабатты тұрғын үй, бес әлеуметтік және 21 заңды тұлға нысаны әлі де жылусыз қалып отыр.
 
Апаттық режим төтенше жағдай аймағындағы жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары толық аяқталғанға дейін күшінде болады.
 
Бұған дейін хабарланғандай, Екібастұз тұрғындары 30 градус аязда жылусыз қалды. ҚР Энергетика министрлігінің мәліметінше, жылу желілеріндегі зақым Екібастұз ЖЭО-да қазандықтардың тоқтауына алып келді. Оқиға орнында облыс әкімінің басшылығымен барлық техникалық қызметтердің, энергетикалық кәсіпорындар басшылығының және ҚР Энергетика министрлігі өкілдерінің қатысуымен жедел штаб құрылды.
 
Қалада балабақшалар жұмысын тоқтатып, мектеп оқушылары уақытша қашықтықтан оқытуға көшірілді.
 
Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің өкілдері Павлодар облысына аттанғанын хабарлады. Олар Екібастұзда орналасқан сапаны қамтамасыз ету жөніндегі аумақтық департамент мамандарымен, білім басқармасының қызметкерлерімен бірге балаларға барлық қажетті көмек көрсету, оқу үрдісін онлайн форматта ұйымдастыру бойынша жұмыс жүргізеді.
 

Екібастұз қаласындағы қолдау орталығы мен жасөспірімдер үйінен эвакуацияланған балалар жас ерекшеліктеріне қарай "Бөбек" және "Балдәурен" немесе "Жас дәурен" оқу-сауықтыру лагерьлеріне жіберіледі. Онда балалар жағдай тұрақталғанша білім алып, сауықтырудан өтеді. Сондай-ақ бос уақытты тиімді өткізу үшін іс-шаралар ұйымдастырылады. Қазіргі уақытта балалар Павлодарда", - деп түсіндірді ведомствода.

 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны