11.11.2021, 20:17 82342

KEGOC-та Қазақстанның электр энергетикалық жүйесіндегі ағымдағы жағдай туралы айтылды

KEGOC-та Қазақстанның электр энергетикалық жүйесіндегі ағымдағы жағдай туралы айтылды
Сурет: KAZAKHSTAN TODAY
НҰР-СҰЛТАН. 11 ҚАРАША - "KEGOC" АҚ-да Қазақстанның Бірыңғай электр энергетикалық жүйесіндегі ағымдағы жағдай туралы айтылды, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY "KEGOC" АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 

2021 жылғы 10 қарашадағы кешкі максимумдағы жай-күй бойынша Қазақстан Республикасында тұтыну 14 838 МВт-ты, генерация 14 265 МВт-ты құрады. 573 МВт көлеміндегі қуат тапшылығы Ресей Федерациясының энергия жүйесінен келетін ағындармен жабылды. Олардың ішінде 10 МВт – қазақстандық тұтынушылар үшін электр энергиясын жеткізу, 563 МВт - ҚР тұтынушыларының белгіленген диспетчерлік графиктен ауытқуынан туындаған жүйеаралық ағындар болып табылады", - деп хабарлады KEGOC баспасөз қызметі.

 
Компанияның деректері бойынша, жылдың басынан бастап көмір электр станцияларында электр энергиясын өндіру 66,9 млрд.кВтсағ-ты құрады, бұл бүкіл өндіру көлемінің 69%-ын құрайды. Газ электр станциялары 18,9 млрд.кВтсағ немесе 19,5% электр энергиясын, гидроэлектр станциялар 7,4 млрд.кВтсағ немесе 8% электр энергиясын, ЖЭК 3,6 млрд.кВтсағ (шамамен 3,5%) электр энергиясын өндірді. 
 

Бұл ретте жөндеу мерзімі 2021 жылғы 27 қарашада аяқталатын Екібастұз МАЭС-2-дегі қуаты 500 МВт-тық № 2 энергетикалық блок (норматив бойынша жылсайынғы жұмыс 6 570 сағат болғанда, жөндеуге шығарылмастан 12 304 сағат жұмыс істеді), жөндеу мерзімі 2021 жылғы 11 қарашада аяқталатын Екібастұз МАЭС-1-дегі қуаты 500 МВт-тық № 7 энергетикалық блок (норматив бойынша жылсайынғы жұмыс 6 570 сағат болғанда, жөндеуге шығарылмастан 25 968 сағат жұмыс істеді) жоспарлы жөндеуде тұр. "ЕЭК" АҚ электр станциясында № 4 блок жоспарлы жөндеуден өтуде, турбина мен бір қазандықты жөндеудің аяқталу мерзімі – 2021 жылғы 12 қараша. Жоғарыда көрсетілген генерациялайтын жабдықты іске қосу Қазақстан Республикасындағы тұтынушылардың қажеттіліктері үшін электр энергиясын өндірудегі мүмкіндіктерді арттырады", - деп атап өтті KEGOC-та.

 
Баспасөз қызметінде еске салғандай, 2021 жылғы 8 қарашада, судың жеткілікті деңгейі жиналғаннан кейін қуаты 300 МВт-тық Мойнақ гидроэлектр станциясы іске қосылды. 
 
Бұл ретте, кейбір өңірлік ЖЭО-ны қоса есептегенде, бүгінгі күнге Қазақстан бойынша жалпы алғанда қуаты 1150 МВт-тық генерациялайтын құрылғылар авариялық жөндеуде тұрғанын атап өту керек. 
 

Ағымдағы жылғы қараша айының басынан бастап өңірлерде орын алған шектеулер бойынша, бұл жағдайлардың "Шыгысэнерготрейд" ЖШС, "Севказэнерго" АҚ, "Астанаэнергосбыт" ЖШС, "Энергопоток" ЖШС сияқты және т.б. өңірлік электр желілік компаниялардың желілеріне тікелей қосылған энергиямен жабдықтаушы ұйымдар мен тұтынушылардың электр энергиясын келісім шартта көрсетілген мөлшерден артық тұтынуына байланысты туындағанын хабарлаймыз. Сонымен қатар, аталған жағдайдың туындауына бірқатар энергиямен жабдықтайтын ұйымдар мен тұтынушы-кәсіпорындардың Жамбыл МАЭС-тан электр энергиясын уақтылы сатып алмауы да себеп болып отыр", - деп нақтылады KEGOC-та.

 
Баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, келісілмеген ағындарды шектеу мақсатында, Қазақстан Республикасы Үкіметімен бірлесе жүйелі шаралар, соның ішінде Жамбыл МАЭС-тағы қосымша блоктарды отынмен қамтамасыз ету және оларды іске қосу бойынша шаралар іске асырылуда. Атап айтқанда а.ж. 11 қарашасы күні Жамбыл МАЭС-та қуаты 200 МВт-тық қосымша энергетикалық блок іске қосылды. Қазіргі уақытта Жамбыл МАЭС-та 3 блок жұмыс істеп тұр. 
 
Тұтынушыларды электр энергиясымен қамтамасыз ету үшін РФ-дан электр энергиясын импорттау бойынша да тиісті жұмыстар жүргізілді. ҚР Үкіметімен бірлесе отырып, Қазақстанның энергиямен жабдықтаушы ұйымдарының РФ-дан импортталатын электр энергиясының сауда-саттығына қатысуы үшін қажетті жағдайлармен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасуда. 
 

Заңнама талаптарына сәйкес жұмыс жасайтын майнинг-фермалар өз қызметін еліміздің энергетикалық қауіпсіздігіне зиян тигізбеу мақсатында, отандық өндірушілердің электр энергиясымен қатар, импортталған электр қуатын да сатып алуы тиіс. Осы орайда, "көлеңкедегі", яғни ресми тіркелмеген майнерлерді анықтау мақсатында цифрлық майнингті жүзеге асыратын субъектілерге қойылатын талаптарды белгілеу үшін нормативтік құқықтық базаны жетілдіру қажет екендігін де атап айтқымыз келеді. Біздің бағалауымыз бойынша ресми тіркелген майнерлердің жиынтық тұтыну қуаты шамамен 600 МВт-ты құраса, ал тіркелмеген майнерлердің тұтыну қуаты 300-400 МВт-ты құрайды", - деп хабарлады KEGOC.

 
Баспасөз қызметі атап өткендей, алдағы күзгі-қысқы маусымда еліміздің Біртұтас электр энергетикасы жүйесінде жүктеме максимумы 17 000 МВт деңгейінде болжанып, ал ішкі генерация мөлшері 16 540 МВт-ты құрайды деп күтілуде. Генерацияның 540 МВт жеткіліксіз көлемі РФ-дан импортталатын болады.
 

Қазақстан Республикасы Біртұтас электр энергетикасы жүйесінің Жүйелік операторы ретінде "KEGOC" АҚ жағдайды толық бақылауда ұстап отыр және БЭЖ-нің сенімді жұмысының қажетті деңгейін қамтамасыз етуді жалғастыруда", - деп сендірді компанияда.

 
Бұған дейін Қазақстанда "сұр" кеншілердің кесірінен энергия тұтынудың нормадан тыс артқаны туралы хабарланған болатын. 
 
Энергетика министрлігінде қазақстандық блокчейн-технологиялар қауымдастығының, Дата-орталықтар мен технологиялардың блокчейн және индустрия қауымдастығының, сондай-ақ ҚР ЦДИАӨМ және "KEGOC" АҚ өкілдерінің қатысуымен кеңес өтті. Тараптар цифрлық майнинг бойынша қызметті жүзеге асыратын тұлғаларды электрмен жабдықтау мәселелерін талқылады.
 
Кездесу қорытындысы бойынша Бірлескен хаттамаға қол қойылды, оған сәйкес тараптар: 
 
- Қазақстан Республикасының Біртұтас электр энергетикалық жүйесінде электр энергиясы мен қуатының тапшылығы туындаған кезде халыққа, әлеуметтік объектілерге және электр энергиясын шектеуді енгізуге жол бермеу туралы; 
 
- теңгерімдеуші нарықты (demand-response) іске қосу туралы заңнамалық актіні қарауды және қабылдауды жеделдету; 
 
-электр энергиясын сатып алуға кепілдік бере отырып, "ақ" майнерлерге қатысты (off-take келісімшарттары) Қаржы-есеп айырысу орталығы арқылы жаңа ірі ЖЭК жобаларын дамыту үшін инвестициялар тарту туралы келісті. 
 
Тараптар электр энергиясы нарығын тұрақтандыруға және жаңа индустрия ретінде цифрлық майнингті дамыту үшін қажетті жағдайлар жасауға бағытталған бірлескен жұмысты жалғастыруға дайын екендігін білдірді. 
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны