08.08.2024, 20:49 91376

Әкімдікте Астанадағы құрылыс кезіндегі негізгі бұзушылықтар туралы айтылды

Бүгінгі таңда қаланың Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының базасында салынып жатқан 1 236 нысан тіркелген.Сәулет-құрылыс бақылауы туралы ведомство басшысы Ғани Тәжиев коммуникациялық алаңда өткен брифингте айтты, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Биыл сәулет-құрылыс бақылауының қорытындысы бойынша жеке және заңды тұлғаларға қатысты жоспардан тыс 266 тексеру жүргізілді, 134 млн теңге сомасына 434 айыппұл салынды. Бұл ретте бұзушылықтарды жою үшін 177 ұйғарым берілді.

Заңсыз құрылыс фактілерін болдырмау мақсатында басқарма нысандағы бұзушылықтар жойылғанға дейін ұйғарымдардың талаптарын орындауды және құрылыс-монтаждау жұмыстарын тоқтата тұруды міндеттеу үшін талап арыздар беру тәжірибесін жолға қойды. Бүгінгі таңда Астана қаласы Әділет департаментінің сот орындаушыларымен бірлесіп, сот актілерін мәжбүрлеп орындау бойынша жұмыстар үйлестірілді", - деді Ғани Тәжиев.


Негізінен құрылыс кезінде келесі бұзушылықтар анықталады:

- белгіленген тәртіппен сараптамадан өткен жобалау-сметалық құжаттамасыз құрылыс;

- жер учаскесіне тиісті меншік құқығынсыз құрылыс;

- құрылыс-монтаждау жұмыстарының басталғаны туралы уәкілетті мемлекеттік органды хабардар етпей салу.

Бұдан әрі мұндай бұзушылықтарға жол бермеу үшін басқарма "Астана-АЭК" АҚ-мен рұқсат құжаттамасынсыз салынып жатқан нысандарда электр энергиясын өшіру бойынша жұмысты жолға қойды.

Сондай-ақ әлеуметтік желілер мен қоғамдық алаңдар арқылы нысандарды салуға тыйым салынған құрылыс салушылар туралы халықты ақпараттандыру бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде.

Сонымен қатар лицензия беру мен сарапшыларды аттестаттауға бақылау күшейтілді.

Жыл басынан бері лицензия алуға жеке және заңды тұлғалардан 1 762 өтініш, сараптамалық және инжинирингтік қызметтерді жүзеге асыратын сарапшыларды аттестаттау бойынша 710 өтініш келіп түсті, 515 өтініш бойынша бас тартылды", - деді Ғани Тәжиев.


Ведомство басшысының айтуынша, жалпы елорда бойынша құрылыс ұйымдарының белгіленген талаптарды, оның ішінде сапасы, мерзімі, құны, орындалған жұмыстарды қабылдау және нысандарды пайдалануға беру бойынша талаптарды сақтауының оң динамикасы байқалады.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны