04.05.2022, 21:03 18536

Конституциялық Кеңес ҚР Президентінің өтініші бойынша шешім қабылдады

Конституциялық Кеңес ҚР Президентінің өтініші бойынша шешім қабылдады
НҰР-СҰЛТАН. 4 МАМЫР - Конституциялық Кеңес Республика Президенті Қ.К. Тоқаевтың "Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңы жобасының Конституцияның 91-бабының 2-тармағына сәйкестігін тексеру туралы өтінішін қарады, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Конституциялық Кеңесінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Өзінің қорытындысында Конституциялық Кеңес Заң жобасының Республикасы Президентінің "Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы" атты Қазақстан халқына Жолдауының аясында әзірленгенін атап өтті. 
 
Кеңестің пікірінше, ұсынылған шаралар қоғамның тез трансформациялануға бағыт алған кезеңінде жүргізіліп жатқан реформалардың берік саяси-құқықтық іргетасын қалауға арналған. 
 
Заң жобасымен Мемлекет басшысының өкілеттіктері нақтыланған, Парламенттің, мәслихаттардың рөлі нығайтылған, бұл "халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасын табысты іске асырудың маңызды факторына айналмақ. Жаңғыртылған президенттік басқару нысанының құрылымы билік институттарының оңтайлы теңгерімін қамтамасыз етеді.
 
Конституциялық Кеңестің пайымдауынша, бірқатар өзгерістер мен толықтырулар биліктің заң шығарушы (өкілді) тармағын қайта форматтауға бағытталған. Бұлар мемлекеттің күшті парламенттік мәдениеті мен институционалдық тұрақтылығын арттырады. 
 
Сенат пен Мәжілісті құрудың жаңа тәртібіне оң баға берілді. Мәжіліс сайлауында аралас сайлау жүйесін енгізу уақыт талабынан туындайды. Сондай-ақ, бір мандатты аумақтық сайлау округі бойынша сайланған Мәжіліс депутатын сайлаушылардың кері қайтарып алу құқығы да орынды енгізілген. Парламенттің Президенттің қол қоюына заңды ұсынуы; Сенаттың Мәжіліс қабылдаған заңдарды мақұлдау немесе мақұлдамау құқығы; Үкіметке конституциялық құндылықтарға қатер төндіретін жағдайларда заң күші бар уақытша нормативтік құқықтық актілерді қабылдауға құқық беру және басқалар да уақыт талабынан туған өзгерістер. 
 
Республикалық бюджеттің атқарылу сапасына парламенттік бақылау күшейтілді. 
 
Конституциялық Кеңес жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару кепілдіктері күшейтілгенін атап өтті. Оған облыстар, республикалық маңызы бар қалалар және астана әкімдерін тағайындаудың жаңа тәртібі куә. Сонымен қатар, Республика Президентінің аталған әкімдердің актілерінің күшін жою немесе қолданылуын тоқтата тұру құқығы жойылды. 
 
Кеңес өз қорытындысында өлім жазасын жоюды, Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің конституциялық мәртебесін күшейтуді, прокуратура туралы жеке конституциялық заң қабылдауды адам құқықтарын қорғау саласындағы прогрессивті өзгерістер деп атап өтті. 
 
Конституциялық Кеңес Конституциялық Сотты құруға оң баға берді. Конституциялық Сотқа өтініш субъектілері қатарына азаматтарды, Бас Прокурор мен Адам құқықтары жөніндегі уәкілді қосу әділ және құқықтық мемлекет құрудағы маңызды қадам болатынына ерекше назар аударды. Бұндай қадам тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесін, азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауды институционалды түрде нығайтады деп санайды. 
 
Жер мен табиғи ресурстардың меншік иесі халық екендігі туралы норманы нақты бекіту болашақта осы тұрғыда әр түрлі түсінулерге жол бермейтін болады. 
 
Осы орайда, Конституциялық Кеңес "Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заң жобасы Конституцияда белгіленген талаптарға сәйкес деп санайды. 
 
Естеріңізге сала кетейік, 29 наурызда Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІ сессиясы барысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияға өзгерістер енгізу бойынша республикалық референдум өткізуді ұсынған болатын.
 
25 сәуірде Конституциялық Кеңес ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасының ҚР Конституциясының 91-бабының 2-тармағында белгіленген талаптарға сәйкестігін қарау туралы өтінішін іс жүргізуге қабылдады.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны