14.09.2022, 14:33 2726

Конституциялық Кеңес ҚР Президентінің өтініші бойынша шешім қабылдады

Конституциялық Кеңес ҚР Президентінің өтініші бойынша шешім қабылдады
НҰР-СҰЛТАН. 14 ҚЫРКҮЙЕК - Конституциялық Кеңес Республика Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңы жобасының Конституцияның 91-бабының 2-тармағына сәйкестігін тексеру туралы өтініші бойынша шешім қабылдады, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Конституциялық Кеңесінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Естеріңізге сала кетейік, заң жобасы Конституцияда Республика Президенті өкілеттігінің бір мәрте жеті жылдық мерзімін белгілеуді, сондай-ақ ел астанасын қайта атауға қатысты Негізгі Заңның 2-бабына өзгерістер енгізуді көздейді.
 

Кеңестің пікірінше, Президенттік және парламенттік сайлау институты мемлекеттіліктің, демократиялық құқықтық мемлекет пен азаматтық қоғамның конституциялық моделінің барлық басқа компоненттерін қозғайтын ерекше жүйе құрушы конституциялық құндылық. Осылайша, ол мемлекеттің маңызды органдарын жаңартудың тиімді құралы болып табылады. Сол арқылы Республиканың әлеуметтік негізі, халықтың мемлекеттік билік бастамаларын қолдауы нығайтылады", - делінген кеңестің қорытындысында.

 
Конституциялық Кеңес бұл ретте сайлау науқандары кезеңінде азаматтық қоғамның әртүрлі сегменттері жанданатынын атап өтті. Осы жағдайларда Қазақстан Республикасының Конституциясында баянды етілген барлық құндылықтар серпінді әрі үйлесімді іс-әрекет етуге тиіс. 
 

Конституциялық Кеңес президенттік мандаттың бір мәрте жеті жылдық мерзімін белгілеу ағымдағы жылғы 5 маусымдағы республикалық референдумда қабылданған мемлекеттік билікті монополизациялауға жол бермеуге бағытталған конституциялық новеллалардың мәніне сәйкес келеді, деп есептейді. Бұл мерзім аталған жоғары лауазымды тұлға лауазымына сайланатын барлық адамдарға тең негізде қолданылатын болады. Онымен Конституциялық Сот судьяларының бір мәрте сегіз жылдық өкілеттік мерзімін анықтау үйлеседі", - делінген құжатта.

 
Осыған байланысты Конституциялық Кеңес "Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес деп таныды.
 
Қазақстан Республикасы Конституциясының 74-бабының 3-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің қорытындысы қабылданған күнінен бастап күшіне енеді, Республиканың бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті, түпкілікті болып табылады және шағымдануға жатпайды.
 
Конституциялық Кеңес қорытындысының толық мәтіні бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны