17.08.2022, 15:46 16581

Ұлытау облысының әкімі Тоқаевқа өңірді дамыту жоспарын таныстырды

Ұлытау облысының әкімі Тоқаевқа өңірді дамыту жоспарын таныстырды
Сурет: telegram/БОРТ№1
НҰР-СҰЛТАН. 17 ТАМЫЗ - Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғали Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының 2022-2026 жылдарға арналған кешенді жоспарының жобасын таныстырды. Құжат Президенттің Ұлытау облысына жасаған сапарының қорытындылары негізінде әзірленген, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Ұлытау өңірінің экономикасын әртараптандыруға бағытталған маңызды құжат 240-тан астам іс-шараны қамтиды. Олар әлеуметтік және өндірістік инфрақұрылымды дамытуды және өңірдегі ең өзекті мәселелерді шешуді көздейді.
 
Қасым-Жомарт Тоқаевқа таныстырылған кешенді жоспарда инвесторлар тарту, қатты күйінде келетін пайдалы қазбалар өндірісін кеңейту мен жаңа кен орындарын игеру, геологиялық кластер құру мен оны дамыту мәселелері қарастырылған. Бұдан бөлек, жаңадан ет өңдейтін кешен, құс фабрикасы мен жылыжайлар салу жоспарланған.
 
Келесі жылы жалға және несиеге берілетін 132,8 мың шаршы метр тұрғын үй құрылысы, көпсалалы аурухананы жаңғырту, онкологиялық диспансер мен Жезқазған қаласында заманауи "Ана мен бала" орталығын ашу жұмыстары жүргізіліп, Ұлытау ауданында аурухана салынады. Сонымен қатар әрбір аудан орталығы мен ауылдарда 26 медицина мекемесі ашылады. 
 
Берік Әбдіғалиұлы мәдени-ағарту нысандарын жөндеу және қайта құру туралы да айтты. "Жайлы мектеп" ұлттық пилоттық жобасы аясында 11 орта мектеп пен 8 балабақша салу көзделген. 
 
Мемлекет басшысына баяндалған өзекті мәселелердің тағы бірі – облысты ауыз сумен және сапалы жолдармен қамтамасыз ету. Қалалар мен ауылдарды сумен жабдықтау жұмыстары мен су бұру жүйелері қайта жаңғыртылады. Сонымен қатар облыстық маңызы бар 289,5 шақырым жолды, аудандық маңызы бар 112,5 шақырым жолды жөндеу мен қалпына келтіру жоспарланған. Берік Әбдіғалиұлының айтуынша, аталған іс-шараларды жүзеге асыру барысында 10 мыңнан астам жаңа тұрақты жұмыс орны ашылады.
 
Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытау облысын дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған кешенді жоспарын мақұлдап, тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп орындауды тапсырды.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны