11.04.2022, 16:47 17041

Мәжіліс депутаттары жекеменшік балабақшаларға тыйым салуды талап етуде

Жарымжан балаларға зәбір көрсеткен видео тараған соң бір топ ата-ана депутаттарға хат жазған.
Мәжіліс депутаттары жекеменшік балабақшаларға тыйым салуды талап етуде
Сурет: pixabay.com
НҰР-СҰЛТАН. 11 СӘУІР - Мектепке дейін қосымша білім беретін орталықтардан мораторийді алып тастау керек. Елордадағы инклюзив балабақшадағы былықтан кейін Мәжіліс депутаттары осы мәселені көтермекші. Олар мемлекет жариялаған мораторийден соң білім ұйымдарында күмәнді істер көбейгенін алға тартып отыр.
 

Жекеменшік қаншама орталық дұрыс тіркелмей жұмыс жүргізіп отырғаны, қаншама құқық бұзғаны, қаншама мекеме баланың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіріп отырғаны туралы бізде мәлімет жоқ. Және бір нәрсені атап өту керек. Бірдебір мемлекеттік орган осыны нақты реттеп, бақылау жауапкершілігін алмаған. Сондықтан осы мәселеге назар аударуымыз қажет", - дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жұлдыз Сүлейменова.

 
Жарымжан балаларға зәбір көрсеткен видео тараған соң бір топ ата-ана депутаттарға хат жазған. Балаларының өміріне алаңдаған аналар таяқпен тәрбиелеуді тыюды сұрапты. 
 
Істің мән-жайымен өздері таныспақ болған депутаттар бүгін атышулы балабақшаға барып еді. Сөйтсе, шудан кейін мекеме жабылып қалған. Денсаулығында кінәраты бар 60 бала мен он екі тәрбиешінің қайда кеткені белгісіз. Оның үстіне балабақша қосымша білім беру орталығы болып тіркеліп, ауру балаларды бағумен айналысқаны да күдік туғызады дейді мәжілісмендер. Олардың сұрағына Байқоңыр аудандық полиция басқармасы толық жауап бермесе де, үш күн ішінде жиналған ақпаратпен таныстырды. 
 

Қазір балабақша қожайынының шешімімен аталмыш мекеме тергеу аяқталғанша жұмысын тоқтатты. Аталған факті бойынша 140шы, яғни "кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау" бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Видеодағы барлық адамның атыжөні анықталды, жауап алып жатырмыз. Іс аяқталмайынша, олардың қандай түсініктеме бергенін айта алмаймын", - деді Нұр-Сұлтан қаласының Байқоңыр аудандық полиция басқармасы бастығының орынбасары Мәди Байғабылов.

 
Ақпарат көзі: ktk.kz 
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны