27.10.2021, 18:13 48398

Мәжіліс жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы заң жобасын мақұлдады

НҰР-СҰЛТАН. 27 ҚАЗАН - Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында "Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы" заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.
 
Заң жобасының мақсаты – жануарларға қарауды құқықтық реттеу және оларға ізгілікпен қарау. Құжат азаматтардың адамгершілік тәрбиесінің идеологиясын, атап айтқанда, жануарларды ұстаудың моральдық және адамгершілігінің негізгі принциптерін қалыптастырады, деп хабарлайды Egemen.kz.
 

Аталған принциптерді іске асыру үшін талаптар мен қағидаларды белгілеу арқылы осы құқықтық қатынастардың мемлекеттік реттеу механизмдері де бекітілді. Соның ішінде жануарларды асырауға және тасымалдауға, сондай-ақ өсіруге және ветеринариялық қызметтер көрсетуге қойылатын жалпы талаптар, жануарларға қатыгездікпен қарауды насихаттауға тыйым салу қарастырылған", - деді Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев.

 
Бұдан басқа, заң жобасында жекелеген санаттағы жануарларға қарау және асырау кезіндегі талаптар анықталған. Сондай-ақ, осы саладағы қоғамдық бақылау институтын алаңдаушылық танытатын азаматтармен және қоғамдық ұйымдармен қалыптастыру көзделген.
 

"Чиптеу" дегенге қатысты, заң жобасы үй жануарларын есепке алу өнімін (құралын) иелері есебінен ақылы негізде пайдалана отырып, үй жануарларын міндетті есепке алуды енгізеді. Бұдан басқа, осы айтылғандарды жоспарлы іске асыру және үй жануарларын есепке алуды жүзеге асыратын ұйымдарға, сондай-ақ олардың иелеріне біржолғы жаппай жүктемені болдырмау мақсатында Заң жобасында үй жануарларын міндетті есепке алу бойынша кейінге қалдыру нормасы көзделген (2023 жылғы 1 қыркүйектен бастап)", - деді министр.

 
Оның айтуынша, құжат жануарларға қатысты жағымсыз көріністерге тосқауыл қояды: иттерді төбелестіру, анестезиясыз ветеринариялық операция жасау, жануарларды жазықсыз өлтіру, жануарларды әлсірету және оларға уақтылы көмек көрсетпеу, қатыгездікпен аулау әрекеттері жатады.
 

"Жануарларды жауапкершілікпен қарау туралы" заң жобасын қабылдау барлық тіршілік иелеріне адамгершілік пен ізгілікті тәрбиелеуге мүмкіндік береді деп санаймыз. Бүгін біз жануарларды қорғау міндетін шешіп қана қоймай, болашақ ұрпақ үшін вектор орнатамыз", - дейді ведомство басшысы.

 
Сонымен қатар, жалпы отырыста "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жануарларға жауапкершілікпен қарау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы", "ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне жануарларға жауапкершілікпен қарау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" ілеспе заң жобалары да бірінші оқылымда мақұлданды.

 
Ақпарат көзі: egemen.kz
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны