Мәжілісмендер мемлекеттік басқару деңгейлері арасында өкілеттіктерді бөлу туралы заңды мақұлдады
Заң мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге және мемлекеттік органдардың дербестігі мен жауапкершілігін арттыруға мүмкіндік береді.
Заң жобасы жекелеген функцияларды Үкіметтен орталық мемлекеттік органдарға, сондай-ақ орталық мемлекеттік органдардан жергілікті атқарушы органдарға беруді көздейді, деп хабарлайды төменгі палатаның баспасөз қызметі.
Заң мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге және мемлекеттік органдардың дербестігі мен жауапкершілігін арттыруға мүмкіндік береді", - деп хабарлады палатаның жалпы отырысында Мәжіліс депутаты Жамбыл Ахметбеков.
Жаңа заңда 55 заңнамалық актіге - Қазақстан Республикасының бес кодексіне және 50 заңға түзетулер енгізіледі.
Осы заң жобасымен жұмыс барысында депутаттар:
- акваөсіру (балық өсіру шаруашылығы) өнімінің өнімділігі мен сапасын арттыру бойынша құзыретті агроөнеркәсіптік кешенді дамыту саласындағы уәкілетті органнан жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы уәкілетті органға беруге, сондай-ақ оған асыл тұқымды балық өсіруді дамыту бойынша құзыреттер беруге;
- аудиторлық қызмет, бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік салаларында рұқсат беру рәсімдерін жүргізу бөлігінде уәкілетті органдардың құзыреттерін нақтылауға;
- аэротүсірілім жұмыстарын жүргізуге рұқсаттарды тіркеу, есепке алу және беру қағидаларын әзірлеу және бекіту жөніндегі нормаларды нақтылауға;
- арнайы мекемелердің қоғамдық бақылауын жүзеге асыру кезінде қоғамдық бақылау комиссияларының қызметі бойынша нормаларды нақтылауға бағытталған түзетулерді ұсынды.
Естеріңізге сала кетейік, заң жобасы бірінші оқылымда 2021 жылғы 2 маусымда мақұлданды.
Ұлттық экономика министрлігінің басшысы Әсет Ерғалиев Үкіметтен министрліктерге 89 функцияны, жергілікті атқарушы органдарға 5 функцияны беру арқылы 94 функция қайта бөлінетінін атап өтті. Бұл ретте 4 мемлекеттік органға қосымша өкілеттіктер беріледі.
Жобаны іске асыру мемлекеттік бюджеттен қосымша қаржы шығындарын талап етпейді және теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарға әкелмейді", - деп атап көрсетті Ә.Ерғалиев.
Оның айтуынша, заң жобасын қабылдау мемлекеттік басқарудың тиімді жүйесін қалыптастырудағы кезекті қадам болады және оның дербестігін одан әрі арттыруға ықпал етеді.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.