12.04.2021, 19:38 29396

Nur Otan-да партиялық бақылау комитеті немен айналысатынын айтты

НҰР-СҰЛТАН. 12 СӘУІР - Тұрғындарға COVID-19-ға қарсы екпе салу және вакциналарды аймақтарға бөлу "Nur Otan" партиясының бақылауына алынады. Бұл туралы Партиялық бақылау комитетінің бірінші ұйымдастырушылық отырысында белгілі болды. Жиында жаңа құрам бекітіліп, алдағы жылға арналған жұмыс жоспары анықталды, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY "Nur Otan" партиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Партияның баспасөз қызметі хабарлағандай, өңірлердегі партиялық бақылау комитеті мен комиссияларының бірінші кезектегі міндеті – электоралдық міндеттемелердің орындалуына жүйелі бақылауды қамтамасыз ету.
 
Сондай-ақ, өзекті бағыттардың қатарында мемлекеттік органдардың азаматтардың өтініштеріне тиянақты қарап, сапалы жұмыс істеуіне, бюджет қаражатын жұмсаудың тиімділігіне мониторинг жүргізу сияқты тағы да басқа мәселелер бар.
 
Партия жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің де жұмыс кестесі мен жаңа құрамы бірінші отырыста бекітілді.
 

Сыбайлас жемқорлық – бұл пара беру мен пара алу ғана емес. Өз міндеттеріне немқұрайлы қарау және бюджет қаражатын тиімсіз жұмсау да соның көрінісі. Онымен барлық шараларды қолдана отырып күресуіміз қажет", - деді Ерлан Саиров.

 
Еске сала кетейік, бұған дейін "Nur Otan" Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек өзінің Facebook-тегі парақшасында билеуші партияның өзінің сайлауалды уәделерін іске асыруды қалай қамтамасыз етуге ниетті екенін айтқан болатын.
 
Оның айтуынша, Елбасы, партия Лидері Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша, сондай-ақ ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасын іске асыру аясында партияның қоғамдық кеңестерінің жұмысы жүйелі түрде қайта құрылымдалады.
 
Саяси кеңес Бюросының шешімімен таратылған партиялық кураторлар институтының орына "Nur Otan"-ның сайлауалды бағдарламасының нақты бағыттарының іске асырылуын бақылау бойынша 14 республикалық қоғамдық кеңес құрылды. Осындай кеңестер өңірлік деңгейде де құрылады.
 
Кеңестердің жұмысы қоғамдық пікірді ескеріп, сондай-ақ партияның қоғамдық қабылдау бөлмелеріне ел көлемінде азаматтардан түскен өтініштерге жасалған талдауға негізделе отырып, жария түрде жүргізіледі. 
 
Сонымен қатар, Бауыржан Байбек "Nur Otan" кеңестерінің алдында сарапшылар қауымдастығын өткір әлеуметтік мәселелерді ашық талқылауға тарту, сондай-ақ азаматтық бастамаларды қолдау міндеті тұрғанын атап өтті.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

Тегтер:Nur Otan

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны