13.08.2024, 16:26 64246

ОТӨ-ні қолдау аясында елдің ішкі резервтерін пайдалану жолға қойылды

Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалағымен өткен Үкімет отырысында отандық тауар өндірушілерді қолдау шаралары туралы өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев баяндады, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.

Министрлік өңдеуші өнеркәсіп кәсіпорындарын толықтай жүктеу бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде. Отандық тауар өндірушілерді (ОТӨ) қолдау аясында елдің ішкі резервтерін пайдалану жолға қойылды.

Биылғы бірінші жартыжылдықта өңдеу өнеркәсібі 5,1%-ға өсті. Өсім қара және түсті металлургия, химия, машина жасау және жихаз өндіру салаларында орын алды. Жыл соңына дейін өңдеу өнеркәсібін дегі негізгі салаларда оң серпін қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз. Бұған қол жеткізудің бірден бір тетігі отандық өндірісті қолдау болып табылады.

Отандық өндірушілерді қолдау аясында келесідей заңнамалық өзгерістер қабылданды.

Бірінші. Мемлекеттік сатып алуда басымдық берілетін отандық тауарлар тізбесі кеңейтілді. Оффтейк-келісімшарттар жасасу тетігі пысықталды.

Екінші. Мемлекеттік бюджет есебінен жүргізілетін құрылыс жұмыстарында отандық тауарларды пайдалануға бақылау енгізілді.

Үшінші. Жер қойнауын пайдаланушы компаниялардың сатып алуларында отандық тауарларға басымдық беріледі.

Төртінші. Табиғи монополия субъектілері сатып алуларында отандық тауарларға 10% шартты жеңілдік қарастырылған, бұл тауарлардың бәсекелестігін арттырады.

Бесінші. "Самұрық-Қазына" сатып алуларында ұзақ мерзімді шарттар мен офтейк-келісімшарттар жасасу шарттары жетілдірілді.

Министрдің мәліметінше, жүргізіліп жатқан жұмыстың нәтижесінің бірі ретінде өңдеу өнеркәсібі өндірісінің 4%-ға өсіп, импортының 7%-ға төмендеуін айтуға болады.

Импорттың төмендеуі машина жасау саласындағы тауарлары, металл бұйымдар мен қағаз өнімдері бойынша байқалады.

Отандық тауар өндірушілерге қолдау көрсету шеңберінде жеңіл өнеркәсіп, машина жасау, химия, металлургия салаларындағы және қағаз, жихаз, құрылыс материалдарының 4,201 тауарына мемлекеттік сатып алуда басымдық берілуде.

Бүгінгі күнге, аталған тауарлар бойынша отандық өндірушілерімен жасалған келісімшарттар саны 1,4 есеге өсіп, 106 млрд теңгені құрады. Ең үлкен өсім химия, машина жасау, жеңіл өнеркәсіп және қағаз өнімдері бойынша орын алды.

Шағын және орта кәсіпорындарды қолдау аясында сатып алуларда олардың тауарларына басымдық беру өз тиімділігін көрсетті.

Мәселен, Петропавлдағы "Радуга" кәсіпорны қағаз өнімдері бойынша мемлекеттік сатып алуға қатысу есебінен 1 млрд теңгеге өнім шығарып, 100%-ға жүктелді. Сондай ақ, Павлодардағы "Лакра" кәсіпорны лак бояу өндірісі көлемін 27%-ға, Алматыдағы "Marschall" тұрмыстық химия өндірісін 15%-ға ұлғайтты. Астанада осы сәуірде өнім шығаруды бастаған "Metal Former" кәсіпорны "Жайлы мектеп" жобасы шеңберінде 100%-ға жүктеліп, төрт айда 3,6 млрд теңгеге өнім шығарды", - деп атап өтті өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев.


Отандық тауар өндірушілерді қолдаудың екінші бағыты ірі компаниялар мен жергілікті өндірушілер арасында ұзақ мерзімді шарттар мен офтейк-келісімшарттар жасасу болып саналады.

Осылайша, "Самрұқ-Қазына" және ірі жер қойнауын пайдаланушы компаниялар тарапынан биыл 635 млрд теңгеге 382 ұзақ мерзімді келісімшарт және офтейк-контрактіге қол қойылды. Мұндай көрсеткіштер бұрын болмағанын атап өткен жөн", - деді министр.


Сонымен қатар, ERG, KazMinerals, Казцинк, Қазақмыс, Qarmet, Алтыналмас сияқты тау кен металлургия кешенінің ірі компаниялары белсенді жұмыс жүргізуде. Мәселен, бұл кәсіпорындар отандық өндірушілермен 122 млрд теңгеге 139 ұзақ мерзімді келісім шарттар және офтейк контрактілер жасасты. Өткен жылмен салыстырғанда олардың саны 4,2 есе, ал ақшалай мәнде 3,1 есе көп. Мұның қатарында бұдан бұрын шығарылмаған трансформаторлар, редукторлар, жапқыш арматуралар, шахталық жабдықтар мен насос агрегаттары бар.

Биылғы жылғы жобалар пулында 1,3 трлн теңгені құрайтын 180 жоба бар. Бұл жобалар іске қосылғанда, 15,2 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылады.

Жыл басынан бері 158 млрд теңгеге 43 жоба іске қосылып, 2 мыңдай жұмыс орны ашылды. Оның ішінде Маңғыстау облысындағы КазАзот аммоний сульфаті, Қызылорда облысындағы Orda Glass энергия үнемдейтін шыны, Батыс Қазақстан облысындағы Каспи Мұнай Капитал мұнай газ жабдықтар өндірістері бар. Бұл жобалардың негізгі мақсаты импортты алмастыру", - деді Қ. Шарлапаев.


Сонымен қатар, жыл соңына дейін Шымкент қаласында Wan Sheng Ceramic керамикалық плиткалар өндірісі, Қостанай облысында KamLitKZ жүк автомобильдер компонент терінің өндірісі, Қостанай облысында Пружина теміржол вагондарына арналған серіппелер өндірісін іске қосу көзделген.

Бүгінде отандық өндірушілердің бірыңғай тізілімін жинақтау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Тізілімде отандық тауар өндірушілер туралы ақпарат оның ішінде шығарылатын өнім және оның көлемі, көрсетілетін қызмет түрлері және қызметкерлер саны туралы толық мәлімет қамтылатын болады.

Тізілімге енгізілген субъектілер мемлекеттік қолдау шараларына, сонымен қатар, мемлекеттік, квази мемлекеттік және жер қойнауын пайдаланушы компаниялардың сатып алуларына қатыса алады. Сондай-ақ оған енгізілген өндірушілерге локализациялауды арттыру шарты қойылатын болады. Осы жылдың соңына дейін реестрді іске қосу бойынша жұмыстарды толық аяқтау көзделуде.

Сонымен қатар, отандық кәсіпорындарды қолдау шеңберінде келесідей заңнамалық өзгерістер пысықталуда:

Бірінші. Ірі тапсырыс берушілердің отандық тауарлар мен қызметтерді пайдалану бағдарламаларын бекіту және ұзақ мерзімді шарттар мен офтейк-келісімшарттар жасасу міндеттемелерін белгілеу.

Екінші. Мемлекеттік бюджет есебінен жүргізілетін құрылыс жұмыстарында отандық құрылыс материалдары мен жабдықтарын қолдануды бақылау комиссиясын құру.

Үшінші. Жаңа өндірістік нысандар құрылысы барысында отандық тауар өндірушілерден материалдар мен жабдықтарды сатып алу бойынша міндеттемелерді белгілеу.

Өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарын қолдау және толық жүктеу жұмыстары жалғасуда және Министрліктің тұрақты бақылауында болады", - деп қорытындылады баяндамасын Қ. Шарлапаев.

 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны