27.05.2021, 23:52 14736

Парламент ұлттық компаниялар мен холдингтерді сатып алу туралы заң қабылдады

Сонымен бірге "2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы" заң қаралып, қабылданды.
НҰР-СҰЛТАН. 27 МАМЫР - Бүгін Парламент Сенатының отырысында депутаттар "Квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуы туралы" заңды қарап, қабылдады, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Парламент Сенатының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Бұл құжат "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ" АҚ-ның және басқа да ұлттық холдингтер мен компаниялардың сатып алуларын реттейді. Заңда сатып алуды жүзеге асырудың қағидаттары, тәсілдері, сондай-ақ квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуға қатысуына байланысты шектеулер және әлеуетті өнім берушіге қойылатын біліктілік талаптары белгіленген.
 
Одан бөлек, құжатта сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізілімі енгізіледі, сонымен бірге оны қалыптастыру, жүргізу тәртібі және оған енгізу және одан шығару үшін негіздер айқындалған. Сонымен қатар тапсырыс берушінің және сатып алуды ұйымдастырушының әрекеттері мен шешімдеріне шағым жасау жөніндегі нормалар енгізілді.
 
Бұдан басқа, сенаторлар "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңды қабылдады. Аталған құжат кейбір заңнамалық актілерді қабылданған "Квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуы туралы" заңға сәйкестендіруді көздейді.
 

Мемлекеттік қаржыны тиімді жұмсау – аса маңызды мәселе. Мемлекеттік сатып алуды, оның ішінде квазимемлекеттік сектордың сатып алуын тиімді пайдалануды пандемиядан кейінгі кезеңде экономикалық бәсекелестікті қалпына келтірудің тетігі ретінде қарастырған жөн. Алайда, осыған дейін ұлттық компаниялар мен мемлекеттік холдингтердің сатып алулары жалпы тәртіптен шығарылып, өз ережелері бойынша жүргізіліп келді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша осы мәселелерді шешу үшін тиісті заң қабылданып отыр", – деді Мәулен Әшімбаев.

 
Сонымен бірге депутаттар "2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы" заңды қарап, қабылдады. Сонымен қатар, депутаттар Президенттің Жоғарғы Соттың судьясын қызметтен босату туралы ұсынуын қарады. Судья Лариса Шепелева отставкаға кетуіне байланысты қызметінен босады.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны