28.06.2022, 16:06 19321

Премьер-Министр қолжетімсіз мемлекеттік қызметтерді электрондық форматқа көшіруді тапсырды

Орталық мемлекеттік органдар мен әкімдіктерге деректерді үнемі жаңартып тұруды, ақпараттық жүйелердің тоқтаусыз жұмыс істеуін және олардың уақытылы интеграциялануын қамтамасыз ету міндеті қойылды.
Премьер-Министр қолжетімсіз мемлекеттік қызметтерді электрондық форматқа көшіруді тапсырды
НҰР-СҰЛТАН. 28 МАУСЫМ - Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Әлихан Смайылов халық үшін электрондық форматта қызметтері қолжетімсіз бірқатар министрліктерді атады, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Үкімет басшысы өткен жылы цифрлық форматта көрсетілген мемлекеттік қызметтер санының екі есе өскенін атап өтті. Жалпы бүгінгі күні электрондық форматтағы қызметтердің деңгейі 93%-ды құрайды. Ал, қызметтердің 66%-ын азаматтар кәдімгі смартфон арқылы алып отыр. 
 
18 құжат түрі цифрлық форматта беріледі, яғни оларды қағаз жүзінде растаудың қажеті жоқ.
 
Кейбір министрліктерде қызметтерді электрондық форматта алу мүмкін емес. Оның ішінде, АШМ, ғылым және жоғары білім, ИИДМ, ДСМ және Қорғаныс министрліктері бар. Сондай-ақ Сыртқы істер министрлігі бойынша қызметтерді автоматтандыру деңгейі төмен.
 

Осыған орай ҚР ЦДИАӨМ аталған мемлекеттік органдармен бірлесіп, 3 ай мерзімде қолжетімсіз мемлекеттік қызметтерді электрондық форматқа көшіруі тиіс", - деді Смайылов.

 
Бұдан басқа, Орталық мемлекеттік органдар мен әкімдіктерге деректерді үнемі жаңартып тұруды, ақпараттық жүйелердің тоқтаусыз жұмыс істеуін және олардың уақытылы интеграциялануын қамтамасыз ету міндеті қойылды.
 
ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің айтуынша, жыл соңына дейін ең танымал 20 мемлекеттік қызметті сыртқы платформаларға шығару жоспарланып отыр.
 
Сондай-ақ, Премьер-Министр банктер алаяқтық жағдайлардың жиілеп кеткеніне барынша назар аударып, клиенттердің деректерін қорғауды күшейтуі қажет екенін атап өтті.
 

Жалпы отандық ІТ-саланы дамыту, қазақстандық электрондық өнімдерді әзірлеу бағытында белсенді жұмыс жүргізу және оларды қолдану аясын кеңейту қажет. Біз инновациялық шешімдерге, оның ішінде халыққа электрондық қызмет көрсету саласына қашанда қолдау көрсететін боламыз", — деді Ә.Смайылов.

 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны