14.07.2022, 15:45 20681

Президент балабақшалар мен мектептердегі балаларға қатысты зорлық-зомбылық проблемалары туралы айтты

Президенттің ақпараты бойынша, толық жабдықталған мектептердің 65 пайызында (яғни, 3 мың мектепте) бейнебақылау жүйесі талапқа сай емес, кейде мүлдем жұмыс істемейді.
Президент балабақшалар мен мектептердегі балаларға қатысты зорлық-зомбылық проблемалары туралы айтты
Сурет: Depositphotos
НҰР-СҰЛТАН. 14 ШІЛДЕ - Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жекеменшік балабақшалардағы балаларды ұрып-соғу және қосымша білім беру бағдарламасының проблемалары туралы айтты, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Мемлекет басшысы жекеменшік балабақшаларда балаларды ұрып-соғу деректері бар екенін еске салды. Сонымен қатар, ол жұмыс істемейтін балабақшаларға қаржы бөлу көбейіп кеткенін атап өтті.
 

Мұның бәрі олардың қызметі ашық емес екенін, азаматтық жауапкершілігі жоқтығын көрсетеді. Басқаша айтқанда, қоғам талабына сай емес", - деді Президент.

 
Ол 2011 жылы балабақшалардың лицензия бойынша жұмыс істеу тәртібі тоқтатылғанын еске салды. Оның айтуынша, мемлекет бұл қадамға амалсыздан барды. Өйткені, мектеп жасына дейінгі балаларды балабақшамен барынша қамтуымыз керек болды. Бұл ретте, жеке сектордың әлеуетін пайдалану маңызды еді. 
 

Нәтижесінде 2 және 6 жас аралығындағы балалардың 88 пайыздан астамы балабақшамен қамтылды. Енді қызмет көрсету сапасын арттыратын кез келді. Үкімет осы мәселені мұқият қарастыруы керек. Лицензиялау тәртібін қайта енгізу, ең алдымен, мемлекетке емес, қоғамға қажет шара. Өйткені, басты мақсат – балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету", - деп мәлімдеді Президент.

 
Ол осы жылды Балалар жылы деп жариялағанын еске салды. Бірақ, соңғы жылдары мектеп қабырғасында зорлық-зомбылықтың көбейіп кеткені алаңдатады. 
 
Президенттің ақпараты бойынша, толық жабдықталған мектептердің 65 пайызында (яғни, 3 мың мектепте) бейнебақылау жүйесі талапқа сай емес, кейде мүлдем жұмыс істемейді. 
 
Жалпы, Тоқаев атап өткендей, еліміз бойынша балалар мен жасөспірімдердің өз-өзіне қол салуы, яғни суицид азайды. Дегенмен, Алматы, Жамбыл, Қостанай және Маңғыстау облыстарында мұндай оқиғалар көбейіп барады. 
 

Балаларды зорлық-зомбылықтан қорғауға, суицидтің алдын алуға, әрбір баланың құқықтарын қамтамасыз етуге арналған кешенді жоспар қажет", - деді ол.

 
Өз сөзінде Президент қосымша білім беру мәселесін де қозғады.
 
Қосымша спорттық және шығармашылық білім беру ісіне мемлекет тапсырысы бойынша қаржы бөлінетін болды. Бұл қадам үйірмелер мен секцияларға қатысатын балалардың санын 70 пайызға дейін арттырды. 
 

Дегенмен, жоба іске қосылған жылы бірқатар олқылықтарға жол берілді. Яғни, қаржы мәселесіне және тиісті порталдың ("Артспорт") жұмысына қатысты қателіктер болды. Қаржыны артық жұмсау, алаяқтық, ашықтан-ашық жымқыру басталды. Ата-аналар балаларын бірден бірнеше үйірмеге беретін болды. Өкінішке қарай, мұндай теріс пиғыл басқа балалардың жолын кесіп отыр. Кемшіліктің бәрін түзетіп, осы игі бастаманы жалғастыру қажет", - деп тапсырды Президент.

 
Ол әкімдіктер және мәслихаттар қосымша білімге бөлінетін бюджет қаражаты жетпей қалуы мүмкін деп алаңдап отырғанын атап өтті. 
 

Білімге салынған қаражат – мемлекет үшін ең басты инвестиция болуы керек. Бұл – өте маңызды мәселе. Түптеп келгенде, дамудың бірден-бір жолы – білім саласы. Сондықтан, бұдан ешкім ұтылмайтыны сөзсіз. Үкімет пен әкімдер жұртшылықпен бірлесіп, жобаны жетілдіруге тиіс", - деп толықтырды ол.

 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны