28.10.2021, 14:29 58599

ҚР Үкіметі министрліктерге алпыстан астам функцияларды қайта бөледі

Заң жобасын қабылдау мемлекеттік басқарудың тиімді жүйесін құрудағы кезекті қадам ретінде оның дербестігін одан әрі арттыруға ықпал етеді.
НҰР-СҰЛТАН. 28 ҚАЗАН - ҚР Парламенті Сенатының депутаттары "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік басқару деңгейлері арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 

Заң жобасының мақсаты - мемлекеттік басқару деңгейлері арасында өкілеттіктерді одан әрі қайта бөлу. Заң жобасын әзірлеу алдыңғы әкімшілік реформалардың қисынды жалғасы. Орталық және жергілікті деңгейдегі мемлекеттік функцияларды талдау бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді", - деді Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев палатада заң жобасын таныстыра отырып.

 
Ұлттық экономика министрлігі басшысының айтуынша, заң жобасы ел басшылығының тапсырмаларын, Стратегиялық құжаттарда белгіленген басымдықтар мен сарапшылардың ұсынымдарын ескере отырып, дайындалды.
 
Ерғалиев 46 заңнамалық актіге, оның ішінде 2 кодекс пен 44 заңға түзетулер қарастырылғанын атап өтті.
 
Министр Үкіметтен министрліктерге 63 функцияны, 5-еуін жергілікті атқарушы органдарға беру жолымен 68 функцияның қайта бөлінетінін атап өтті. Бұл ретте 4 мемлекеттік органға қосымша өкілеттіктер беріледі. 
 
Министр мынадай мысал келтірді. Экология министрлігіне әкімшілік хаттама жасау, ІІМ-ге тергеу изоляторындағы адамдарды есепке алу, ЦДИАӨМ-ге аэротүсірілім жұмысын жүргізуге рұқсат беру құқығы және т. б. берілген.
 

Заң жобасы басқару деңгейлері арасындағы өкілеттіктердің аражігін нақты ажырату бойынша жүргізіліп жатқан саясаттың сабақтастығын қамтамасыз етуге бағытталған", - деді Ә.Ерғалиев.

 
Заң жобасын қабылдау мемлекеттік басқарудың тиімді жүйесін құрудағы кезекті қадам ретінде оның дербестігін одан әрі арттыруға ықпал етеді.
 

Жобаны іске асыру мемлекеттік бюджеттен қосымша қаржы шығынын талап етпейді және кері әлеуметтік-экономикалық, құқықтық салдарға әкелмейді",- деп қорытындылады Ерғалиев.

 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны