01.07.2021, 23:22 19723

Реформалар жөніндегі жоғары кеңес "қиялилардың клубына" айналмауы қажет - Тоқаев

НҰР-СҰЛТАН. 1 ШІЛДЕ - Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Жиында ұлттық жобалардың әзірленуі негізгі мәселе ретінде қарастырылды.
 
Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Қайрат Келімбетов Қасым-Жомарт Тоқаевқа Агенттік пен Үкімет бірлесіп әзірлеген он ұлттық жобаны таныстырды. Бұл жобалар Жалпыұлттық басымдықтар мен 2025 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарын жүзеге асыруға бағытталған.
 
Агенттік төрағасының баяндамасын және Кеңес мүшелерінің пікірін тыңдаған Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар ұсыныс айтты. Ол Үкіметті нақты, шынайы, халыққа түсінікті және олардың тұрмысын жақсартуға бағытталған міндеттерді шешуге шақырды.
 

Негізінде, ұлттық жобалардың әзірленуіне қатысты жұмыстарыңыздың мақсат-міндеттеріне бірыңғай түсінік керек. Шын мәнінде, мақсат бөрікті аспанға ататындай және артық теорияландыратындай емес, прагматикалық тұрғыда болуы тиіс. Реформалар жөніндегі жоғары кеңес "қиялилардың клубына" айналмауы қажет. Кабинетіміздің сыртындағы өмір күрделі бағытта дамуда. Қазір біз ең қажетті деген азық-түлік бағасының шарықтауына, жалпы инфляцияның өсуіне қатысты шешім қабылдауға мәжбүрміз. Бұдан бөлек халықтың күнделікті тұрмыс-тіршілігіне байланысты қыруар мәселе бар. Мысалы, қуаңшылық мал шаруашылығына кері әсер етіп отыр. Біз қалыптасқан жағдайға шынайы қарайық. Бұл жерде алдымызда тұрған міндетті терең түсініп, үйлесімді жұмыс істеу керек", – деді Президент.

 
Мемлекет басшысы ұлттық жобаларды жүзеге асыруға өте көп қаржы бөлінетінін айтты.
 

Осыған байланысты мені жемқорлық мәселесі қатты алаңдатады. Ірі жобаларды жүзеге асыруға байланысты, әсіресе, инфрақұрылымдық құрылыс саласында, мол қаржы туралы ақпарат шыға салысымен-ақ, мұндай жобалар жіті бақылап отырған "әккі аңшылардың" назарына бірден ілігеді. Олар бөлінген қаржының бір бөлігін қалталарына басып қалуға тырысады. Әңгіменің ашығын айтайық. Мұны бәріміз білеміз. Сондықтан Үкімет пен тиісті агенттікке аталған мәселені мұқият қарауды ескертемін. Ұлттық жобаларды жүзеге асырудың пайдасы халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталуы тиіс", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 
Президент ұлттық жобаларды жүзеге асыруға бөлінетін қаржының тиімді жұмсалуын бақылауды қамтамасыз етуге тапсырма берді.
 
Мемлекет басшысы сөзін қорытындылай келе, ұсынылған ұлттық жобалардың тізімін қолдады және Үкімет пен Агенттікке 15 тамызға дейін ұлттық жобалардың нақты, келісілген әрі қаржылай қамтамасыз етілген мәтінін енгізуді тапсырды.
 
Талқылауға енгізілген екінші құжат – Сэр Сума Чакрабартидің есебінде (Gap analysis) берілген ұсыныстарды жүзеге асырудың Жол картасы.
 
Президенттің айтуынша, аталған есепте маңызды проблемалар көтеріліп, пайдалы бастамалар ұсынылған.
 
Күн тәртібіндегі үшінші мәселе – Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың тұжырымдамасы. Аталған мәселе бойынша Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев баяндама жасады.
 
Қасым-Жомарт Тоқаев жергілікті өзін-өзі басқарудың тиімді институтын құруды маңызды міндет ретінде атады.
 

Жақын арада аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдар мен кенттердің және ауылдық округтердің әкімдерін сайлау науқаны өтеді. Бұл саяси жүйенің кемеліне келгенінің белгісі ғана емес, сондай-ақ, қоғамымыздың демократиялық даму жолына нық қадам басқанын білдіреді. Аталған трансформациялық өзгеріс аясында басқару деңгейлері: облыс, аудан, округ арасындағы өкілеттілік пен жауапкершіліктің ара-жігін нақты айқындау – мемлекеттік аппараттың басты міндеттерінің бірі. Жергілікті өзін-өзі басқаруды тиімді жүзеге асыруға кедергі келтіретін барлық қайшылықтар мен олқылықтар реттелуі қажет", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 
Президенттің айтуынша, ауыл әкімдеріне зор өкілеттілік бере отырып, оларды қажетті ресурстармен жеткілікті дәрежеде қамтамасыз етудің стратегиялық маңызы бар. Осыған байланысты Үкімет қаржыны бюджетаралық бөлу мәселесін қайта қарауы керек.
 
Мемлекет басшысы жергілікті өзін-өзі басқарудың жаңа органына – кеңеске жүктелетін міндеттерге арнайы тоқталды.
 

Кеңес – бұл түбегейлі жаңа институт. Ол шешім қабылдау және бақылау сияқты нақты ықпал ету тетіктеріне ие болуы тиіс. Жергілікті өзін-өзі басқару органына кейбір жергілікті салықтар бойынша бекітілген мөлшерлеме аясының шегінде түзету енгізу құқығын беру маңызды жаңалық болмақ. Бұл ретте дәл осы кеңес ауылдағы нақты әлеуметтік-экономикалық жағдайға байланысты шешім қабылдайды. Яғни, бизнес өкілдерін тарту үшін фискальді кірістің барынша көп болғаны қажет пе әлде салықтың мейлінше төмен болғаны керек пе оны кеңес өзі айқындайды. Аталған құжатты дайындау және кең ауқымда талқылау үшін жүргізілген жұмыстарды ескере отырып, жалпы оны қолдау керек деп ойлаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 
Талқылау қорытындысы бойынша Үкіметке Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын бекітуге енгізу тапсырылды. 
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны