13.09.2022, 18:15 6951

Рим Папасы Нұр-Сұлтанға келді

Рим Папасы Нұр-Сұлтанға келді
НҰР-СҰЛТАН. 13 ҚЫРКҮЙЕК - Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Рим Папасы Францискті елорда әуежайында қарсы алды, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Кездесу рәсімі барысында мемлекеттер басшылары бір-біріне екі елдің делегация мүшелерін таныстырды. Содан кейін Қазақстан Президенті мен Католик шіркеуінің басшысы президенттік терминалдың Каминді залында қысқаша әңгімелесті.
 
Қасым-Жомарт Тоқаев Рим Папасына ілтипат білдіре отырып, оның Қазақстанға келуге шешім қабылдағаны үшін шын жүректен алғыс айтты.
 

Бұл оқиғаның тарихи маңызы бар екені сөзсіз. Сіздің сапарыңыз, ең алдымен барша қазақстандықтың назарын аударатынына кәміл сенемін. Сіздің сапарыңыздың аясында мемлекеттік аппараттың, азаматтық қоғамның, дипломатиялық корпустың және БАҚ-тың өкілдері қатысатын іс-шара өтеді. Барлығы Сіздің сөйлейтін сөзіңізді асыға күтіп отыр. Сіздің Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезіне қатысуыңыз – зор маңызы бар оқиға. Сіздің шараға арнайы қатысуыңыз аталған форумның табысты болуына үлкен септігін тигізеді. Жиын қазіргі әлемдегі күрделі кезеңде, дағдарысты жағдайда өтіп жатыр деуге болады", – деді Президент.

 
Кездесуден кейін жоғары мәртебелі қонақтың кортежі Ақордаға бағыт алды.
 
Еске сала кетейік, сәуір айында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ватикан басшысын Қазақстанға шақырды. Нұр-Сұлтанда Рим Папасы Франциск Әлемдік діндер көшбасшыларының съезіне қатысады, сондай-ақ қасиетті мессаны өткізеді.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны