30.03.2023, 17:43 90641

Саусақ іздері қазақстандықтардың паспорттарында пайда болуы мүмкін

Саусақ іздері қазақстандықтардың паспорттарында пайда болуы мүмкін
Сурет: Pexels.com
Құжат жобасы 2023 жылдың 13 сәуіріне дейін қоғамдық талқылау үшін қолжетімді

Астана. 30 наурыз. KAZAKHSTAN TODAY - Қазақстан Ішкі істер министрлігінде Қазақстан Республикасы азаматының паспортын, Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігін, шетелдіктің Қазақстан Республикасында тұруына ықтиярхатын, азаматтығы жоқ адамның куәлігін және жол жүру құжатын ресімдеу, беру, ауыстыру, тапсыру, алып қою және жою қағидалары әзірленді.
 
Құжаттың жобасы 2023 жылғы 13 сәуірге дейін жария талқылау үшін "Ашық НҚА" порталында орналастырылған.
 
Қазақстан Республикасының уәкілетті мемлекеттік органы беретін жеке басты куәландыратын құжаттар мемлекеттің меншігі болып табылады және мынадай деректерді:
 
  • тегін, атын, әкесінің атын (ол болған жағдайда);
  • туған күнін, айын, жылын және жерін;
  • жынысын;
  • қай ұлтқа жататынын - осы Қағидалардың 2-тармағының 4), 5) тармақшаларында көрсетілген жеке басты куәландыратын құжаттарда иесінің қалауы бойынша;
  • азаматтығын;
  • фотосуретін;
  • құжатты берген органның атауын;
  • құжаттың берілген күнін, айын, жылын, нөмірін, қолданылу мерзімін;
  • құжаттар иесінің қолын;
  • жеке сәйкестендіру нөмірін (босқынның куәлігін қоспағанда);
  • он алты жасқа толған және одан асқан, сондай-ақ "Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы" 2016 жылғы 30 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңымен белгіленген жағдайларда он екі жастан бастап он алты жасқа дейінгі құжат иесінің қол саусақтарының іздерін қамтиды.
 
Қазақстан Республикасы азаматының паспортын, Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігін уәкілетті мемлекеттік орган жеке басты куәландыратын құжаттарды (Қазақстан Республикасының шетелдік мекемелерінде ресімделген Қазақстан Республикасы азаматының паспорттарын қоспағанда) алуға өтінім берілген күннен бастап 15 жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде береді және иесінің өзіне немесе оның заңды өкіліне табыс етеді.
 
Шетелдіктің Қазақстан Республикасында тұруына ықтиярхатты, азаматтығы жоқ адамның куәлігін уәкілетті мемлекеттік орган жеке басты куәландыратын құжаттарды алуға өтінім берілген күннен бастап 17 жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде береді және иесінің өзіне немесе оның заңды өкіліне табыс етеді.
 
Жол жүру құжатын құжаттандырылатын адам есепке алынған жердегі уәкілетті мемлекеттік орган құжатты алуға өтінім берілген күннен бастап 17 жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде береді және ол иесінің өзіне немесе оның заңды өкіліне табыс етіледі.
 
Цифрлық құжаттар сервисі арқылы пайдаланылатын және уәкілетті органға ұсынылатын жеке басты куәландыратын құжаттар қағаз жеткізгіштегі құжаттарға тең.
 
ҚР азаматының паспорты, Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігі ресімделген күннен бастап жеделдетілген тәртіппен Астана, Алматы, Ақтөбе, Шымкент қалаларында - бір жұмыс күніне дейін, облыс орталықтарында - үш жұмыс күніне дейін, облыстардың аудандары мен қалаларында - жеті жұмыс күніне дейін беріледі.
 
ҚР азаматтарының қалауы бойынша жеке басты куәландыратын құжаттар да жеделдетілген тәртіппен ресімделген күнінен бастап үш жұмыс күніне дейін (Астана, Алматы, Ақтөбе, Шымкент қалаларында) және бес жұмыс күніне дейін (облыс орталықтарында) беріледі.
 
Жеке басты куәландыратын құжатты жеделдетілген түрде бергені үшін төлем банк мекемелері және кассалық операцияларды жүзеге асыратын өзге де ұйымдар арқылы жүргізіледі.
 
Қазақстан Республикасы азаматының паспортын ресімдеу үшін өтініш иесі уәкілетті органға:
 
1) мемлекеттік баж төленгені туралы құжатты (мемлекеттік баж төлеуден босатылған адамдар растайтын құжаттарды ұсынады);
 
2) көлемі 3,5 х 4,5 сантиметр (қағаз бланкідегі формулярды ресімдеген кезде) екі фотосуретті;
 
3) мынадай құжаттардың біреуін:
 
  • туу туралы куәлікті (16 жасқа дейін паспорт алған кезде);
  • Қазақстан Республикасы азаматының паспортын (паспортты ауыстырған кезде);
  • Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігін (16 жасқа толуына байланысты паспортты алғаш алған кезде);
  • ішкі істер органдары беретін белгіленген нысандағы Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылданғаны туралы анықтаманы (Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдануына байланысты паспорт алған кезде);
  • Қазақстан Республикасының шетелдік мекемелері беретін қайта оралуға арналған куәлікті (шетелде уақытша болатындар Қазақстан Республикасы азаматының паспортын жоғалтқан кезде) жеке ұсынады.
 
Еске салайық, қаңтарда Ішкі істер министрлігі Қазақстанда 2024 жылға дейін міндетті түрде саусақ іздерін алуды (дактилоскопияны) тоқтатқан болатын.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны