29.04.2021, 19:19 16749

Сенат шетелдіктерге жер сатуға тыйым салу туралы заң қабылдады, бірақ оны өзгерістер енгізу үшін Мәжіліске қайтарды

Қазіргі уақытта Үкімет жер пайдалану саласында заңнамалық түзетулер топтамасын әзірлеуде. Жақын арада тиісті заң жобасы Парламенттің қарауына түседі деп күтілуде.
НҰР-СҰЛТАН. 29 СӘУІР - Бүгін Парламент Сенатының отырысында депутаттар "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын қарады, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Парламенті Сенатының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 

Бүгін Сенат аталған заң жобасын қарап, құжаттың негізгі тұжырымын мақұлдады. Алайда, талқылау барысында оған өзгерістер енгізу қажеттілігі туындады. Соған байланысты Палата отырысында заң жобасын Мәжіліске қайтару туралы шешім қабылданды", - деп хабарлады палатаның баспасөз қызметінде.

 
Парламенттің екі Палатасы да бұл құжат бойынша ауқымды жұмыс атқарып, оны жан-жақты қарады. Заң жобасын талқылауға жұртшылық, сарапшылар және ғалымдар да белсенді түрде қатысты.
 
Сонымен қатар осы заң жобасында егер меншік иесі болып табылатын тұлғаның Қазақстан азаматтығы тоқтатылған немесе Қазақстан Республикасының заңды тұлғасына шетелдіктер мүше болған жағдайда ауыл шаруашылығы жерлерін иеліктен шығару рәсімі де қарастырылған.
 

Жер – халқымыздың ең басты қазынасы, қастерлі тәуелсіздігіміздің белгісі. Сондықтан жер мәселесі қашанда стратегиялық маңызға ие. Осы заң жобасына сәйкес, бұдан былай шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға, шетелдік заңды тұлғаларға, қандастарға ауылшаруашылық мақсатындағы жер учаскелері сатылмайды, әрі жалға берілмейді. Жобада Қазақстан Республикасы заңды тұлғасының мүшесі немесе акционері болып табылатын тұлғаның Қазақстан азаматтығы тоқтатылған жағдайда ауыл шаруашылығы жерлерін иеліктен шығару рәсімі де қарастырылған. Жалпы, бұл заң жобасы, ең алдымен, халқымыздың және мемлекетіміздің мүдделерін қорғайды", – деді Сенат Төрағасының орынбасары Нұрлан Әбдіров.

 
Сенаттың баспасөз қызметі атап өткендей, осы Заң қабылданғаннан кейін де елімізде жер мәселелерін заңнамалық реттеуді жетілдіру жұмыстары жалғаса береді. Таяуда ғана арнайы құрылған Жер комиссиясы өз жұмысын аяқтағаны белгілі. Оның құрамына бес бірдей Сенат депутаты мүше болғанын айта кеткен жөн. Комиссияның отырыстары кезінде бұл саладағы заңнамаларды жетілдіруге қатысты көптеген ұсыныстар айтылды. Соған сәйкес, қазіргі таңда Үкімет жерді пайдалануға қатысты заңнамалық түзетулер топтамасын әзірлеуде. Соның нәтижесінде алдағы уақытта тиісті заң жобасы Парламентке келіп түседі.
 
Естеріңізге сала кетейік, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев заң шығару бастамасы құқығын пайдалана отырып, Парламентке шетелдіктердің ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді сатуына және жалға алуына тыйым салынған заң жобасын жолдаған болатын.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны