СІМ-де Ресей азаматтарының ҚР-ға келу жағдайына қатысты түсініктеме берілді
"Айналамызда болып жатқан кез келген күрделі геосаяси жағдайда біз ұлттық қауіпсіздіктің басымдығына сүйенетін боламыз".
Сурет: pexels.com
Қазіргі таңда барлық мемлекеттік органдар штаттық режимде жұмыс істеуде және жағдайды тұрақты бақылауды қамтамасыз етуде. Бұл ретте, кез келген елдің шетелдік азаматтарының ҚР аумағында мерзімсіз болуға құқығы жоқ, олар еліміздің көші-қон заңнамасының талаптарын сақтауы қажет", - делінген ведомствоның ресми хабарламасында.
СІМ атап өткендей, қазіргі жағдайда ҚР Мемлекеттік органдары еліміздің қолданыстағы заңнамасын және халықаралық шарттарды басшылыққа алады.
Біз құқықтық мемлекетте өмір сүріп жатқанымызды және біздің іс-әрекеттеріміз осы қағидаттардан туындауы тиіс екенін атап өтеміз. Сондықтан, қолданыстағы шарттар сақталуы тиіс және ықтимал құқық бұзушылықтарды әкімшілік тәртіппен тоқтату керек. Мемлекетте ұлттық мүдделерді қорғаудың тетіктері жеткілікті, бұл орайда, ұлттық мүдде бәрінен де жоғары. Айналамызда болып жатқан кез келген күрделі геосаяси жағдайда біз ұлттық қауіпсіздіктің басымдығына сүйенетін боламыз. (...) Азаматтарымыз өзіндік даналығын көрсетіп, қонақжайлылық дәстүріне берік болады деп сенеміз", - деді СІМ-де.
Сонымен бірге, министрлік қазіргі қиын кезеңде кез келген өткір мәлімдеме немесе әрекет жағымсыз әсер тудыруы мүмкін деп қосты.
Бүгінгі таңда Қазақстанның инфрақұрылымы көші-қонның қазіргі жағдайынан салыстырмалы түрде ауыртпалықсыз өтуге мүмкіндік береді. Қызмет көрсету және сервис объектілері де өз қуаттары аясында жұмыс істейді. Біз ағымдағы ахуалға мұқият мониторинг жүргізіп отырмыз және елеулі бір қатерлер туындаған кезде халықаралық құқық пен ұлттық заңнаманы ескере отырып, тиісті шаралар қабылданатын болады", - деп толықтырды ведомствода.
СІМ мемлекеттік органдардың ресми және объективті ақпаратына сену маңызды деп санайды, бұл қажетсіз алаңдаушылықтың алдын алуға көмектеседі.
Бұған дейін ҚР ІІМ шетелдіктердің Қазақстанда болуы бақылауда екенін мәлімдеген болатын.
ҚР ҰҚК Шекара қызметінде де Қазақстан-Ресей шекарасындағы жағдайға түсініктеме берілді.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.