30.03.2023, 11:51 66441

Смайылов қайтадан Қазақстанның Премьер-Министрі қызметіне кірісті

Смайылов қайтадан Қазақстанның Премьер-Министрі қызметіне кірісті
Сурет: primeminister.kz
Мәжілістің 82 депутаты ұсынылған кандидатураға өз дауыстарын берді, жетеуі қарсы болды және сегіз депутат қалыс қалды

Астана. 30 наурыз. KAZAKHSTAN TODAY - Мәжіліс депутаттары Әлихан Смайыловтың Қазақстан Премьер-Министрі лауазымына кандидатурасын мақұлдады, деп хабарлайды агенттіктің тілшісі.

Мәжілістегі пленарлық отырыста сөз сөйлеген Қасым-Жомарт Тоқаев Әлихан Смайыловтың Премьер-Министр лауазымына кандидатурасын ұсынды.

Дауыс беру барысында Мәжілістің 82 депутаты ұсынылған кандидатураға өз дауыстарын берді, жетеуі қарсы болды және сегіз депутат қалыс қалды.

Мемлекет басшысы Смайыловты ҚР Премьер-Министрі қызметіне қайта тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды Ақорда.

Әлихан Асханұлы Смайылов 1972 жылы Алматы қаласында дүниеге келген.

1994 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін "қолданбалы математика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

1996 жылы - ҚР Президенті жанындағы Қазақстан менеджмент, экономика және болжамдау институтының мемлекеттік басқару магистрі дәрежесіне ие болды.

1993-1999 жылдары - "А-Инвест" инвестициялық-жекешелендіру қорының бас маманы; бөлім басшысының орынбасары, ҚР Ұлттық статистика агенттігінің басқарма басшысы; ҚР Статистикалық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттігінің Статистика және талдау комитеті төрағасының орынбасары; бас сарапшы, экономика секторының меңгерушісі, ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы болып қызмет атқарған.

1999-2003 жж. - ҚР Статистика агенттігінің төрағасы.

2003-2006 жж. - ҚР сыртқы істер вице-министрі, "Экспорттық несиелер мен инвестицияларды сақтандыру жөніндегі мемлекеттік сақтандыру компаниясы" АҚ басқарма төрағасы.

2006-2009 жж. - ҚР қаржы вице-министрі, "ҚазАгро" ҰБХ президенті.

2009-2014 жж. - ҚР Статистика агенттігінің төрағасы.

2014-2015 жж. - ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Статистика жөніндегі комитетінің төрағасы.

2015-2018 жж. - ҚР Президентінің көмекшісі.

2018 жылғы қыркүйектен бастап 2019 жылғы ақпанға дейін - Қаржы министрі.

2019 жылғы 25 ақпанда Президент Жарлығымен Премьер-Министрдің Бірінші Орынбасары - Қаржы министрі қызметіне тағайындалды. 2021 жылы 18 қаңтарда ҚР Президентінің Жарлығымен осы қызметіне қайта тағайындалды.

2022 жылғы 11 қаңтарда ҚР Президентінің Жарлығымен ҚР Премьер-Министрі лауазымына тағайындалды.

2023 жылғы 30 наурызда ҚР Президентінің Жарлығымен ҚР Премьер-Министрі лауазымына қайта тағайындалды.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны