14.02.2022, 18:21 26131

Тұлғалар мен лауазымдарға қарамастан: Тоқаев ҚМА-ға Қазақстаннан шығарылған активтерді іздеуді күшейтуді тапсырды

Тұлғалар мен лауазымдарға қарамастан: Тоқаев ҚМА-ға Қазақстаннан шығарылған активтерді іздеуді күшейтуді тапсырды
НҰР-СҰЛТАН. 14 АҚПАН - Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элиманов Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырмаларының орындалуына қатысты атқарып жатқан жұмыстары туралы есеп берді, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 

Президент заңсыз иемделген активтерді, соның ішінде шетелден іздеуге баса мән беру қажет екенін, сондай-ақ оларды Қазақстанға қайтару жұмыстарын жандандыру керектігін айтты. Бұл жұмыстардың бәрі тұлғаның кім екеніне және лауазымына қарамай жүргізілуге тиіс", - деп хабарлайды Ақорда.

 
Қасым-Жомарт Тоқаевқа биыл тоқтатылған күдікті операциялардың саны 3 еседен асқаны және олардың жалпы құны 150 млрд теңгеге жуық екені баяндалды. Осы деректер бойынша тексеру шаралары жүргізіліп жатыр. 
 

Ведомство капиталды заңсыз шығаруға жол бермеу мақсатында қаржы реттеушілерімен бірлесіп, күмәнді трансшекаралық аударымдарға күшейтілген мониторинг жасау ісін жолға қойған", - деді Элиманов.

 
Агенттіктің мәліметі бойынша шетелге ақша қаражатын шығарудың күрт көбейгені байқалмайды. Керісінше биыл шетелге аударылған қаржы 30 пайызға азайған.
 
Жанат Элимановтың айтуынша, мүдделі органдармен бірлесіп, қолма-қол валютаны заңсыз шығаруға бақылау күшейтілген. Жалпы сомасы 5 миллион АҚШ долларына жуық заң бұзушылық анықталған.
 

Сонымен қатар Қазақстан-Қытай шекарасында тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Үш аптаның ішінде тауарды заңсыз әкелу фактілері бойынша 8 қылмыстық және 24 әкімшілік іс қозғалды. Нәтижесінде, тауар импорты көлемінің азаюына қарамастан, биылғы қаңтар айында бюджетке түскен кедендік төлемдер мен салықтардың мөлшері 20 пайызға (26,6-дан 31,7 млрд теңгеге дейін) өсті", - деді агенттік басшысы.

 
Сонымен қатар Мемлекет басшысына қоғамдағы маңызды әлеуметтік мәселелерді шешуге бағатталған жұмыстар туралы мәлімет берілді. 
 
Атап айтқанда, "Тариф" жобасы бойынша коммуналдық қызметтердің 17 миллиард теңгеге өсуіне әкеп соқтыруы мүмкін 1,3 миллион азаматтың негізсіз шығынына жол берілмеді. 13 іс қозғалды (сумен жабдықтау – 8, газбен жабдықтау – 3, жылумен жабдықтау – 2).
 
Президент жариялаған Балалар жылы аясында Бала құқықтары жөніндегі уәкілмен бірлесіп, "Қамқор" жобасы жүзеге асырылуда. Бұл жоба халықтың әлеуметтік жағдайы төмен топтарын қорғауға бағытталған. Нәтижесінде 45 іс бойынша 800 жетім баланың құқығы қорғалды.
 
Кездесу қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы көлеңкелі экономикаға қарсы күресу үшін Агенттік төрағасына тиісті шаралар қабылдау жөнінде тапсырма берді. 
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны