07.09.2021, 21:31 7815

Тоқаев қараша айында Швейцарияға ресми сапармен барады

НҰР-СҰЛТАН. 7 ҚЫРКҮЙЕК - Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Швейцарияға ағымдағы жылдың қараша айында барады. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді мен Швейцарияның Вице-президенті, Сыртқы істер Федералдық кеңесшісі Игнацио Кассистің Берндегі кездесуі барысында белгілі болды, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Қазақстан мен Швейцарияның жоғары басшылығы арасындағы байланыстардың қарқынды дамыуын және екіжақты өзара іс-қимылды нығайтуға өзара мүдделіліктің артып келе жатқанын атап өтіп, тараптар үкіметаралық, парламентаралық және іскерлік байланыстарды дамытуға одан әрі жәрдемдесуге келісті. Бұл тұрғыда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ү.ж. қарашада Швейцарияға ресми сапарына дайындық барысына ерекше назар аударылды.
 
Халықаралық мәселелер бойынша пікір алмасу барысында тараптар БҰҰ, ЕҚЫҰ және басқа да көпжақты құрылымдар аясындағы өзара іс-қимылды талқылады. Келіссөздердің күн тәртібіне өңірлік мәселелер, соның ішінде Ауғанстандағы жағдай, Орталық Азия елдерімен ынтымақтастық және су ресурстарын басқару кірді. Дамуға ресми көмек желісі бойынша, атап айтқанда қазақстандық KazAID Халықаралық даму агенттігі және Швейцарияның SDC Даму және ынтымақтастық агенттігі арасындағы бірлескен жұмыс аспектілері қозғалды.
 

Келіссөздер қорытындысы бойынша делегация басшылары дипломатиялық немесе қызметтік паспорттардың иелерін визалық талаптардан өзара босату туралы, сондай-ақ дипломатиялық өкілдіктер, халықаралық ұйымдар жанындағы тұрақты өкілдіктер мен консулдық мекемелер қызметкерлерінің отбасы мүшелерінің ақылы еңбек қызметі туралы екі үкіметаралық келісімге қол қойды", - деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.

 
Сыртқы саяси күн тәртібіндегі экономикалық дипломатияның басымдығын ескере отырып, Министр М.Тілеуберді сол күні Швейцарияның "Stadler Rail", "Ammann Group", "Sandoz", "KS Genetics", "Inoks Capital" және "Philip Morris International" ірі компанияларының басшыларымен кездесулер өткізді.
 
Қазақстандағы инвестициялық ахуалды жақсарту бойынша қабылданып жатқан шараларды ұсына отырып, Министр швейцариялық әріптестерді инвестицияларды тартуды ынталандырудың жаңа құралы "Стратегиялық инвестициялық келісіммен" таныстырды.
 

Сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытудың үлкен әлеуеті Швейцария бизнесінің химия-фармацевтика және машина жасау, жаңа технологиялар мен энергетика саласында, агроөнеркәсіп кешені (АӨК) мен қаржы секторында өзара тиімді жобаларды іске асыруға мүдделілігімен расталады. Швейцарияның Қазақстанның ірі сыртқы экономикалық серіктестерінің бірі ретіндегі рөлі мен маңызы атап өтілді. 2020 жылы Швейцария Қазақстанға тартылған тікелей шетелдік инвестициялар көлемі бойынша 3-ші орынды, ал біздің елмен екіжақты сауда көлемі бойынша 10-шы орынды иеленді", - деп атап өтті СІМ.

 
Сапар аясында "Kazakh Invest" ҰК" АҚ мен швейцариялық компаниялар арасында Қазақстанның АӨК және машина жасау саласындағы инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны