09.09.2021, 20:30 11687

Тоқаев: Қазақстан Ауғанстанның жаңа билігімен іскерлік байланыс орнатуға дайын

НҰР-СҰЛТАН. 9 ҚЫРКҮЙЕК - Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шетел елшілерінен сенім грамоталарын қабылдау рәсімінде Қазақстанның Ауғанстандағы ахуалға қатысты ұстанымын айтты. Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли мәлімдеді, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY.
 

Ауғанстандағы күрделі дағдарыс жағдайында Қазақстанның прагматикалық сыртқы саясаты маңызды болып отыр. Соғыстан тоз-тозы шыққан бұл елмен ортақ шекарамыз болмаса да, Алматы мен Кабулдың арасы ұшақпен бір-ақ сағаттық жер. Мен ТМД, Еуропалық Одақ және Таяу Шығыстағы әріптестеріммен тығыз байланыста отырмын. Егер сіздердің мемлекеттеріңіз бен үкіметтеріңіздің басшылары ниет білдірсе, олармен ой-пікір алмасуға әрқашан дайынмын", - деді Президент рәсім барысында.

 
Президент "тәліптер біртұтас, инклюзивті және өкілетті ұлттық үкімет қалыптастырып, өздерінің, шын мәнінде, байсалды позиция ұстанатынын және келіссөздерге бейілді екенін дәлелдейді" деп үміт білдірді.
 

Әзірге Ауғанстандағы дүрбелең өңірлік қауіпсіздік проблемаларына назар аудартып тұр. Қазақстан зорлық-зомбылықтың, заңсыз есірткі айналымының және Ауғанстаннан тыс жерлерге бақылаусыз көшіп кетудің алдын алу мақсатында бұл елмен ынтымақтастық орнатуға дайын", - деп атап өтті Мемлекет басшысы.

 
Қазақстан Ауғанстанның өз ішінде және көршілерімен тату-тәтті, бейбітшілікте өмір сүретін тұрақты, егемен және біртұтас мемлекет болғанын қалайды, деп атап өтті Тоқаев.
 

Біз бірінші кезекте елдегі қалыптасқан гуманитарлық қиыншылықтарды шешу үшін жаңа билікпен конструктивті іскерлік байланыстар орнатуға дайынбыз. Халықаралық қоғамдастық Ауғанстанды қазіргідей дағдарыс кезінде қиыншылықтармен бетпе-бет қалдырмауы керек. Керісінше, біз болашақта Ауғанстанның экономикалық және орнықты дамуы үшін барлық іс-әрекеттеріміз бен жоспарларымызды жұмылдыруымыз керек", – деді Қазақстан Президенті.

 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны